Қазақстанның жаңа бюджеттік әуе компаниясы мамыр айында құрылады

0 0

2019 жылдың мамыр айында Қазақстанның төмендетілген тариф бойынша қызмет көрсететін жаңа әуе компаниясы өз жұмысын бастайды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде мәлімдеді.

Еске сала кетсек, 2 қарашада Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдаған болатын. Кездесу соңында Мемлекет басшысы «Эйр Астана» базасында бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.

«Эйр Астана» жоспарларына сәйкес, жаңа бюджеттік әуе компаниясы 2019 жылдың мамыр айында ашылады.

«Жаңа лоукостер «Эйр Астананың» еншілес компаниясы болып құрылады және оған бюджеттен еш қаражат бөлінбейді. Әуе компаниясын құру туралы шешім «Эйр Астана» компаниясының директорлар кеңесінде қабылданды. Бұл өте жақсы тәжірибе. «Lufthansa», «British Airways», «Аэрофлот» сынды көптеген ірі әуе компанияларының төмен бағадағы бөлімшелері бар», — деді министр журналистерге берген сұхбатында. 

Сонымен бірге, министр жаңа әуе қызметтерінің неліктен арзан болатынын түсіндірді.

«Жаңа әуе бағыттарында жолаушылар орны көбейеді және орындардың ара қашықтығы қысқарады. Жүк ақысы бөлек есептеледі. Еуропаның «Лот» немесе «УизЭйр» желілері не үшін арзан? Себебі, жолаушылар орын үшін ақы төлейді де, жүк пен тағам үшін қажет болғанда бөлек есептеседі. Келесі жылы «Эйр Астана» компаниясы жаңа 8 ұшақ сатып алады. Ондағы орындықтар саны көп және тығыз болады және басым бөлігі жаңа әуе компаниясына беріледі», — деді Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша, жаңа әуе компаниясының бағыттары әзірге анықталып жатыр. Алғашында Қазақстан бойынша ұшады және кейінірек дами келе халықаралық дәлізге жіберіледі.

«Әдетте «Эйр Астана» компаниясында Алматы-Астана бағыты бойынша билеттің орташа құны 32-34 мың теңге. Жаңа бюджеттік әуе компаниясында бұл бағыттың билеті орта есеппен 16-18 мың теңге болады», — деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.