Жамбыл облысында 181 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілген

0 8

Жамбыл облысында  бүгінгі күнге 377 елді мекеннің 181-і, немесе 48 пайызы газдандырылған.  Бұл туралы бүгін «Орталық коммуникациялар қызметі»  алаңында өтіп жатқан баспасөз конференциясында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің Астанадағы меншікті тілшісі.

— Осы елді мекендердің ішінде тұрғындардың 11 пайызы немесе 88 мың адам газ торабына қосылмаған, себебі, көшеден үйге кіргізу құны қымбат — 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін «Жамбыл Жылу» коммуналдық мекемесіне арнайы лицензия әперіліп,  жұмыстың құнын 82,7 мың теңгеге дейін төмендеттік, — деді аймақ басшысы.

Ендігі жерде, желтоқсанға дейін 53 мың халық газдандырылады. Қалып отырған 35 мың халықты қамтамасыз ету үшін жобалық құжат әзірленуде.

Ал, газдандырылмаған 173 елді мекен мәселесін шешу мақсатында, 2019 жылдан бастап, үш жылда бөліп қаржыландыру үшін, Энергетика министрлігіне магистралды құбыр құрылысына 43 млрд. 524 млн.теңге құрайтын 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.