Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің туристік көрмесі ашылды

0 4

Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» атты туристік көрме ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көрме XV Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумының аясында өтіп жатыр. Биылғы форум туризмді дамытуға арналған. Көрмеде 40-тан астам экспонат өз өңірлерінің ерекшеліктерімен таныстырады.

Салтанатты іс-шараның ашылуына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ Туризм бойынша федералдық агенттік басшысы Олег Сафонов қатысты.
Қ.Ақсақалов көрмеге қатысушыларды қарсы алып, өңір үшін XV Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Форумның тақырыбы үлкен интеграциялық потенциалға ие. Әр өңірде туристерді таңғалдыратын орын бар. Біздің облыстағы ерекше аймақ — Имантау-Шалқар курорты. Өңірге туристер көптеп келуі үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бізде емдік қасиетке ие екі көл бар. Бүгін және ертең туристік ағынның артуы үшін тағы не істей алатынымызды талқылаймыз», — деді Қ.Ақсақалов.

Олег Сафонов Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы зор стратегиялық мәнге ие екенін тілге тиек етті.

«Екі елдің достық қатынасы мен экономикалық байланысында туризмнің маңызы ерекше. Бұл қуантады. Туризм халық шаруашылығының 53 саласын дамытуға ықпал етеді және синергетикалық әсері орасан. Жыл сайын РФ-ға 3,5 млн қазақстандық келеді, 3 млн-нан астам ресейлік Қазақстанға саяхаттайды. Бұл цифрлар үнемі өсіп отыруға тиіс. Бізде туризмді дамыту үшін мүмкіндіктер зор», — деп атап өтті О.Сафонов.

Петропавлда «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» көрмесі 8-9 қараша күндері жұмыс істейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.