Б.Сағынтаев мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан жаңа шағын аудан құрылысымен танысты

0 0

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  Тараз қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылысы жүріп жатқан №15 мөлтек ауданының құрылысымен танысты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бүгінгі таңда онда 80 пәтерлі -10 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде.  Олар «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде салынуда. Жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар  аясындағы атқарылып жатқан шаралар туралы Бақытжан Әбдірұлына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап берді. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағыты – «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» аясында өңірде бірқатар жобалар іске асырылуда. Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 га жер телімінде жаңа екі мөлтек ауданның құрылысы жүруде. Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көп қабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылысы басталып, ағымдағы жылы 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы — 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылатын болады. Жалпы, Тараз қаласында әзірге 686 пәтер бағдарлама аясында азаматтарға ұсыну үшін дайын.

«7-20-25» кредиттеу бағдарламасы аясында әкімдік пен Ұлттық банкінің филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалында бүгінде 44 648 салымшыдан 10 млрд. теңге жиналды. Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты, пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артты.

Айта кетейік, Премьер-Министр жұмыс сапары барысында бірнеше өндіріс орындары мен білім беру, денсаулық сақтау нысандарын аралайды деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.