ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев қайта жаңғыртылған Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясын аралады

0 3

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қайта жаңғыртылған Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясын аралады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бүгінде Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толығымен жаңғыртылып, қала күні қарсаңында пайдалануға берілді. Онда «Тәуелсіздік ұшқыны» стелласы, «Ғибрат» және «Желтоқсан, 86» орталықтары ашылып,  Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Атап айтар болсақ,  «Тәуелсіздік ұшқыны» архитектуралық элементінің ені – 4,4 метрді, биіктігі– 4,6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді. Идеялық мазмұны – қазақ жастарының азаматтық намысы мен жігерінен бастау алған қозғалыстың нәтижесінде Тәуелсіз ел құрылғанын бейнелеу. Ал, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрмен қызмет көрсететін, ақсақалдар кеңесін өткізетін «Ғибрат» орталығының аумағы 240 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысының құны 226 млн. теңге.

Жалпы, саябақта 197 жарық шамдары, 4 фонтан, 69  орындықтар мен қоқыс жәшіктері,  9 мың ш.м.асфальттық жол жамылғысы, ұзындығы 633 метрді құрайтын веложол салынды. Сонымен қатар, 120 дана көк шырша, 800 дана туя ағаштары егілді. 45  мың ш.м. аумақ көгалдандырылып, заманауи суғару жүйесі орнатылды.

Саябақта бірқатар жаңа нысандар салынып, ескіргендеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Саябақтың эскиздік жобасын «Табыс Жоба» ЖШС-і әзірлеген. Жобаның жалпы сметалық құны – 403,9 млн. теңгені құрайды. Жалпы аумағы – 6,5 гектар. Саябақтың бұрынғы жобасында Қ.Рысқұлбековтың тек бюсті ғана болған. Оның орнына халық батырының толық ескерткіші орнатылды.

Сонымен қатар, «Желтоқсан» аллеясында республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Тәуелсіздік толқыны» атты түрлі-түсті су бұрқағы салынған. Субұрқақтың бойына Тәуелсіздігіміздің  символдары саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылды. 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындыққа интернет желісіне қосылатын құрылғылар (wi-fi), 48 орындық мен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылды. Жалпы, жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектар. Құны 284 млн. теңгені құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.