Елімізде келесі жылдан бастап дизель отыны арзандайды

0 0

Елімізде келесі жылдан бастап дизель отыны арзандайды. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Айтуынша, 1 қарашадан бастап дизель отынының акциздік құны едәуір төмендеген. Сондықтан жанармай сатушы компаниялар да дизель бағасын арзандатулары керек. Алайда ведомство басшысы «құнның төмендеуі отын тапшылығын тудыруы мүмкін», – деді.

Өйткені келесі жылдан бастап іргелес Ресейде дизель, керісінше, қымбаттайды екен. Сәйкесінше, біздегі пысықай компаниялар ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланғысы келіп, отандық өнімдерді сол жаққа жаппай тасымалдауы мүмкін. Осының кесірінен біздегі қордың сарқылып қалуы ғажап емес. Сондықтан министр шекарадағы бақылауды күшейту керек екенін айтады. Бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі тиіс.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

— Біздегі дизель отыны мен бензин басқа елдердің нарығына біртіндеп шығарылып жатыр. Айталық, Ресейге көбіне жүк көліктерімен жеткізіледі. Өйткені арада кедендік бақылау жоқ. Келесі жылдан бастап біздегі дизель бағасы арзандайтын болса, онда бұл үрдіс тіптен белең алады. Осыдан сақтану үшін Премьер-Министрге өтініш айттық. Енді бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі керек. Егер біздегі қор сарқыла бастаса, онда баға қайтадан күрт қымбаттап кетуі мүмкін.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.