Таразда Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті

0 5

Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Күмбірле күйім, ерінбе!» атты шығармашылық кеші өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, күйшілік өнердегі өзіндік қолтаңбасын таныту, рухани қазынамызға айналған шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Әбдімомын Желдібаев Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітіріп, өзі туып-өскен өңірдің мәдени-рухани өміріне араласып, дәстүрлі музыкалық мәдениеттің бүгінгі өмірмен сабақтасуына табандылықпен еңбек сіңірген республикаға танымал қайраткер. Бүгінгі күні осы дәрежеге жетіп отырған күйші елдің мейіріміне бөлене жүріп, туып-өскен Шу жерінен алыстамай өнер әлемінде өзін танытып, туған жерін даңққа бөлеп келеді.

Кеште Мұхтарбай Рахманқұлов пен Адай Жұматтың дирижерлік етуімен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, автордың «Тұран елі» күйімен шымылдық ашылды.

Сондай-ақ, күйші-композитордың «Әулиеата», «Бозжігіт», «Төле би толғауы», «Көкшолақ», «Толғау», «Жетісу сазы», «Өмір-дастан», «Әділхан», «Ыдырыс», «Самғау», «Нұрсұлтан» поэмасы, «Шабыт», «Жарылқап батыр» сынды көптеген күйлері көрерменге ұсынылды.

Кеш соңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың Ықылас гүлі табысталды. Әуезді де, толғанысты концерттен Әулиеата жұртшылығы үлкен әсер алып, шексіз алғыстарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.