Жуалы ауданында мұнай базасы ашылды

0 8

Жамбыл облысы Жуалы ауданында кәсіпкер Берік Толымбаев мұнай базасын ашты. Бұл аудандағы шаруа қожалықтарының арзан бағамен жанар-жағармайға қол жеткізуіне  мүмкіндік береді, — деп хабарлайды “Zhambylnews” Ақпарат Агенттігі.

Жуалы ауданындағы мемлекеттік мұнай өнімдері базасының тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарының аяғынан бастау алады. Бұл кезде өңірде ауыл шаруашылығы артельдері құрылып, егіс алқаптарына іштен жанатын қозғалтқыштары бар жаңа техникалар келе бастаған. Шаруашылықтардың мұнай өнімдеріне арта түсіп отырған сұранысын өтеу мақсатында орталықтандырылған база ашу қажеттігі туындаған. Соғыс жылдары жабылып қалып, 1952 жылы қайта ашылған мекеме екі мәрте күрделі жөндеуден өтіп, қайта жарақтандырылды. 1972 және 2003 жылдары мұнай базасының материалдық-техникалық базасы жақсартылып, жаңа технологиялармен жабдықталды, мұнай өнімдерін қабылдау сыйымдылығы 7 мың тоннаға жеткізілді. Алайда, көп ұзамай қаржы тапшылығына тап болған мұнай базасы 2009 жылы жабылып, содан бері жұмыс істемей тұрған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына өзек болған «Туған жерге туың тік» деген қағиданы жадына берік тоқыған ауданнан шыққа танымал кәсіпкер «Орсо энерджи» ЖШС бас директоры  Берік Толымбаев биыл көктемде аудандық мұнай өнімдері базасы мен жанармай құю станциясын сатып алып, оны қайта жөндеуден өткізуге кірісті. Бас-аяғы жарты жылдың ішінде базадағы мұнай өнімдерін қабылдау сыйымдылықтары тазаланып, өндіріс қуаты толық қалпына келтірді. Мұнай базасы мұнай өнімдерін сақтауға және таратуға қойылатын еуропалық стандарттар талаптарына сай етіп жабдықталды. Қауіпсіздік қағидалары да қатаң ескеріліп, әр сыйымдылықтарға өрт дабылдамасы қондырылды. Жанармай құю станциясы да күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнай өнімдерін босату жабдықтары жаңартылды.

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов қайта ашылған мұнай өнімдері базасының облыстағы ең ірі базалардың бірі екендігін, базаның өңірдегі мұнай өнімдері бағасын тұрақтандыруға сеп болып, шаруалардың астықты себу-жинау науқандары кезінде арзандатылған жанар-жағар майды бір орталықтан алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.