Қазақстан мен Венгрия сауда ынтымақтастығын кеңейтеді

0 0

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Венгрияда аталмыш елдің үкімет мүшелерімен және осы елдің ірі компанияларының өкілдерімен кездесті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Тимур Сүлейменов пен Венгрия вице-премьері-қаржы министрі Михай Варга Будапеште өткен Қазақстан-Венгрия іскерлік кеңесінің екінші отырысына қатысты.

«Қазақстан Венгрияның ТМД елдерінің ішіндегі ең басты әріптесі болып табылады. Астана-Будапешт тікелей әуе рейсі ашылғалы бері 40 мыңнан астам жолаушы «Wizz Air» венгр әуе тасымалдаушысының қызметін пайдаланған. «MOL Group» мұнай-газ компаниясы 10 жылдан аса уақыттан бері қазақстандық нарықта табысты жұмыс істеуде», — деді вице-премьер.

Михай Варга сондай-ақ 2019 жылғы көктемде бизнесмендер делегациясын Қазақстанға жіберу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде ҰЭМ басшысы Венгрияның жоғары технологиялық және ауылшаруашылық компанияларын ЕАЭО нарығына еркін қол жеткізе алатын және Қытаймен шекараласатын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Министр венгриялық әріптестеріміз бен бизнесмендерді Қазақстанның экономикалық дамуы және инвестициялық мүмкіндіктері туралы хабардар етті. Тимур Сүлейменов Қазақстанның транзиттік әлеуетінің зор мүмкіндігін айрықша атап өтті. Doing Business рейтингі, АХҚО, іскерлік және инвестициялық ортадағы іске қосылған шаралар мен жоспарлар венгриялық бизнесмендердің ерекше қызығушылығын туғызды.

Министр сондай-ақ екі ел университеттерінде оқып жатқан студенттердің маңызды рөліне, екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан ары тереңдетуге назар аударды.

Венгрия тарабы қазақстандық студенттер үшін гранттар санын 200-ден 250-ге арттыру жоспары туралы айтты.

Бұдан бөлек, Тимур Сүлейменов Венгрия Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийяртомен кездесті. Ол Қазақстандағы ЭЫДҰ шеңберіндегі жұмыстар, ақпараттық технологиялар, құрылыс, энергетика, қаржы, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың болашағы туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар, Венгрия сыртқы саясат ведомствосының басшысы Түркі кеңесінің шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейту жоспарымен бөлісті.

Сийярто Венгрияның Қазақстан азаматтарына Шенген аймағында визасыз режим белгілеуге мүдделі екендігін жеткізді. Сондай-ақ венгриялық министр «Wizz Air» Астана мен Будапешт бағыты бойынша 2019 жылғы қаңтардан наурызға дейін аптасына екі рейстің орнына аптасына бір рейсті жүзеге асыратынын хабарлады. Наурыздың соңынан бастап, әуе тасымалдаушы бұрынғы кестеге қайта көшеді.

Бұдан басқа, ҰЭМ басшысы «iCell», «Будапешт су арнасы» және «Creatio» компанияларының басшыларымен кездесті. «iCell» ел аумағында транзиттік көлікке арналған ақылы автожол жүйесін енгізудің табысты тәжірибесімен таныстырды. Айта кетерлігі, компанияның сату жөніндегі менеджері Ақан Жұмабаев өз таныстырылымын қазақ тілінде бастады. Ол Венгрияда бакалавриат және магистратура бітірген. Қазіргі уақытта жүйені Қазақстанға тарту мәселесімен айналысуда. Компания сондай-ақ салық жинау, мобильдік төлемдерді басқару жүйесі, ақылы көлік қоятын орындар бойынша жұмыстарды жолға қойған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.