Автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жайы пысықталды

0 3

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен республикалық және жергілікті мәндегі автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарының дайындығы жөнінде жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Онда алдымен облыстық мәндегі автожолдардың жай-күйі, алынған құм мен тұз мөлшерінің қаншалықты екендігі және жанар-жағармай мен техниканың талапқа сай келуі секілді мәселелер қаралды. Бұл бағытта облыстағы жағдай тұрақты болғанымен, бірқатар аудандарда алынған құм көлемі аздығы, енді бірінде құм мен тұздың үстін судан қорғайтын бастырмалардың жоқтығы айтылды. Асқар Исабекұлы аталған мәселелер бойынша әр аудан басшысынан жеке-жеке жауап алып, тиісті жұмыстарды тез арада шешуді тапсырды. 

Жиын барысында өңіріміздегі республикалық мәндегі жолдардың тазалығы мен бүгінгі жағдайы да талқыланды. Облыс аумағынан барлығы 1150 шақырым республикалық жол өтеді. Оның тазалығы мен қысқы жағдайына «Қазавтожол» мекемісінің облыстық филиалы жауапты.

Басқосуда айтылған мәліметтерге сүйенсек, бұл ұжымның талапқа сай барлығы 161 техникасы болуы қажет десек, бүгінде онда бар-жоғы 63 техника бар екендігі анықталған. Асқар Исабекұлы техниканың аздығынан өткенде жауған алғашқы қардың өзінде Жуалы ауданында жол қозғалысын бес сағатқа тоқтатуға тура келгенін баса айтып, «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автожолының бойындағы тазалық мәселесін де сынға алды. 

Басқосуда «Қазавтожол» мекемесінің жұмысына қатысты Мойынқұм, Жуалы аудандарының әкімдері де өз сын ескертпелерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.