«Әлем барысында» ел намысын қорғайтын балуандар анықталды

0 0

2018 жылы 2 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолют әлем чемпионаты өтеді. Жүлде қоры — 20 миллион теңге. Боз кілемдегі бәсекеге 30 елдің балуандары қатысады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

«Әлем барысы» биыл үшінші рет ұйымдастырылады. Алғаш рет 2016 жылы Павлодарда өткен бәсекеде кубалық Оскар Рене Видаль Брайсон топ жарды. Өткен жылы Айбек Нұғымаровтың асығы алшысынан түсті.

Биылғы бәсекеге еліміздің атынан 5 балуан қатысады. Олар, Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрдәулет Жарылғапов пен Айбат Сейтен. Балуандардың салмақ өлшеу рәсімі 1 желтоқсанда өтеді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай келген балуандар бәсекесін Qazaqstan және QazSport арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Қазіргі уақытта жарыстың билеттері сатылымға шығып үлгерді. Билеттер бағасы 500-5000 теңге аралығында. Тағы бір айта кететіні, билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылады. Жүлдеге Renault Logan автокөлігі тігіледі. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.