Облыста діни бірлестіктерге байланысты жиын өтті

0 0

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында Меркі және Мойынқұм аудандарындағы діни ахуалдың бүгінгі жәй-күйі қаралды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бүгінде дін — ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен шиеленісті мәселелерді шешуге ықпал ететін басты факторлардың бірі болып отырғаны белгілі. Сондықтан да, осы қалыптасқан ахуалды шешудің дұрыс тетіктерін облыс бойынша  қамтамасыз ету басты назарда. Бұл тұрғыда облыстық дін басқармасы нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Жиында бірінші сөз алған Меркі ауданы әкімінің орынбасары, аудандағы діни бірлестіктердің жыл бойығы атқарған жұмыстарын жіпке тізгендей айтып шықты.

Марат Қасым,  Меркі ауданы әкімінің орынбасары:

 — Жалпы діни ахуал ауданда тұрақты. Біздің ішкі саясат бөлімі мен ішкі істер бөлімі бірлесе отырып арнайы құқық органдарымен жұмыс жүргізу нәтижесінде ешқандай проблема жоқ.

Мұндай жаттанды жырдан жалыққан Бекболат Орынбеков, баяндаманың қалай жасау керектігін көрсетті.

Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары:

— Өткен жолы осы мәселені талқылап айтып едік қой. Келгеннен кейін баяндамаң 10 минут болсын, 7 минут болсын бірақ, біріншіден бүгінгі таңдағы жағдай, екінші проблемалар, үшінші осы проблемаларды шешуге қандай ұсыныстар бар. Болды ғой.

Бүгінгі күні мемлекеттің саясаты дін саласы бойынша өз шешімін табуда. Оның ішінде бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі. Бұл ретте аудандарда атқарылып жатқан шаруа аз емес. Өз кезегінде баяндамасын бастаған Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Есеевті де, Бекболат Орынбеков орта жолдан тоқтатты.

Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары:

— Бүгінгі таңда діни істер бойынша басқармамен Мойынқұмдағы әкімдікте меморандумға сәйкес қанша мақсатты индикаторлар бар, қандай межеге бүгінгі таңда жетіп отыр. Ол жоспарлы ма, жоспарлы емес па. Егер жетпесе қандай проблемалар бар. Сол проблемаларды осы жерде шешуге сіздерге ұсыныс білдіріп отырмын деп сөйлеу керек қой.

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыс деңгейінде дін саласы бойынша жағдай тұрақты болғанымен, тиісті атқаратын нақты жұмыстарды белгілеуді тапсырды.

Дереккөз: Jambyl

Leave A Reply

Your email address will not be published.