«Қашан халықпен дос боласыздар?» Назарбаева салықшылардың әрекетіне ашуланды

0 0

Сенат депутаты, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева салық органдарының қызметін сынға алды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Sputnik Қазақстан-қа сілтеме жасап.

Сенатордың айтуынша, Қазақстан Doing Business рейтингісінде көтерілу үшін үлкен жұмыс атқарды. Алайда салықтық әкімшілеу жүйесінің кесірінен атқарылған істің бәрі зая кеткелі тұр. Жылына бір емес, бірнеше рет тексеріп, одан қалса пара алатын салықшылар бизнестің аяғына тұсау болып отыр, дейді.

«Бізде әлі күнге дейін өзіміздің өндірісіміз, тоқыма өндірісіміз жоқ. Себебі контрабанда. Ал контрабандалық тауармен отандық өндірушілер бәсекеге түсе алмайды. Соның салдарынан бизнес қарқынды дамымай жатыр», — деді Назарбаева 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кездесуде.

Депутат мұны мемлекеттік кірістер органдарының кінәсінен дейді.

«Олар бүгінде бизнеске шабуыл жасап отыр. Ал мемлекет басшысының барлық стратегиясы орта тапты халық санының жартысына жеткізуге бағытталған. Орта тап ол шағын және орта бизнес», — деді сенатор.

Назарбаева мемлекеттік органдарда жүйелі деңгейде жұмыс жүргізіліп жатпағанын айтты.

«Салықшылар жылына қанша рет тексеруі керек? Неге олар міндетті түрде бір заң бұзушылық табамын деген оймен келеді? Компанияның жұмысында еш мін болмаса да, әйтеуір бірдеңе жазып, бір нәрсе дәметіп тұрады. Сонда қалай? Салық органдары неге репрессивті функцияны атқарып отыр? Мұнымен қалай күресу керек?», — деп сұрады депутат.

Сенатор салық органдары бизнесті қудалап емес, керісінше көмектесуі керектігін атап өтті.

«Егер берешегі көбейіп кетсе, төлеуге уақыт берулеріңіз керек. Ал сіздер техникалық қателіктің өзіне бола қысым көрсетіп, банкроттыққа дейін жеткізесіздер. Осыдан кейін бәрі өндірісін тоқтатып, жауып, біртіндеп саудамен айналыса бастайды. Салық қызметі қашан салық төлеушілердің досына айналады? Сіздер дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгенді жақсы көресіздер. Бірақ олардан халыққа емес, тек өздеріңізге пайдалы, тиімді дүниені ғана аласыздар»,- деп ашуланды комитет төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.