Су құбыры жаңартылды: Ауқатты ауылында ерекше қуаныш

0 1

ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қордайлықтарда ерекше қуаныш. Оның дәлелі, бүгін Ауқатты ауылының сумен  қамтамасыздандыру жүйелері қайта жанғыртылып, тұрғындарға тапсырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аудандағы өзекті мәселелердің бірі — тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету.  Сонау кеңес заманынан келе жатқан су жүйелері әбден тозығы жетіп, қараша жұрттың мұңына айналғаны бар. Дегенмен, мемлекетік бағдарламалар іске асып, нәтижесінде ауылдардағы сумен қамтамасыздандыру жүйесі жаңартылып, халық игілігіне берілуде.

Айтулы мереке қарсаңында тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Көптен күткен ауыз су мәселесі оң шешімін тауып, барлығы 67,234 километрді құраған құбыр арқылы енді әр үйге сапалы су келіп, тұрғындар тұтынатын болады. Мердігер «Пырақ Құрылыс» ЖШС-нің еңбегіне ауқаттылықтар оң бағасын берді. Бұған жұмсалған қаражат та қыруар. Жалпы жобалық құны құны 96 5977,0 мың теңгені құраған құрылыс ауыл көшелерін түгел қамтыған. Жалпы, нысанда екі резервуар, екі сусорғыш стансасы, ультракүлгінмен залалсыздандыру ғимараты және 108 м3 су кернеуіш мұнара орнатылған. Ал, жарық сөніп қалса, дизельдік электрстансасы жұмысты тоқтатпауға мүмкіндік береді. Осының барлығын баяндап берген мердігер 100 метрден астам тереңдіктен шығатын судың сапасы жоғары, дәмі тәтті болады дейді. Ендігі кезекте су жүйесі «Қордай су» КМК-нің қарамағына беріліп, кәсіпорынға жүйені күтіп-ұстау, төлемдерді жинау міндеті жүктеледі. «Судың да сұрауы бар» демекші, тұрғындар коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп тұруға уәде берді.

Ауыл жұрты көп жиналған салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Болатбек Байтөле мен мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов келіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Ал, Ауқатты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қанатов пен аталмыш ұйымның мүшесі Рахымхан Сапақов сөйлеп, тұрғындарды бұл қуанышпен құттықтап, басшылыққа және мердігерге алғыстарын жеткізді.

Сонымен бірге, қуанышты сәтті пайдаланған ауыл тұрғыны Әділбай Семжанов ақсақал:

— Бұл мерекені қуанышпен қарсы алдық. Себебі, соңғы жылдары ауыз су мәселесі күрделі болған. Сонау 1964 жылы орнатылған су кернеуіш мұнара тозығы жетті. Міне, Елбасының бастамасымен үлкен жұмыс жасалды. Осы жұмысты атқарған азаматтарға мың да бір алғыс. Ертеңгі Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы құтты болсын, ағайын», – деді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.