Шу ауданында екі медициналық нысан ашылды

0 3

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданына қарасты Естемес және Бәйдібек ауылдарында медициналық нысандар ашылды. Қос елді-мекеннің тұрғындары енді ем іздеп алысқа сабылмай, өз  ауылдарында дәрігерлік көмек ала-алады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мерейлі мерекені Шу ауданындағы Бәйдібек және Көкқайнар ауылдарының тұрғындары ерекше ықыласпен күтті. Өйткені, қос ауылда тұрғындардың ем қабылдауына арналған медициналық нысандар халық игілігіне пайдалануға берілді.

— Бүгін міне, үлкен қуаныштың куәсі болғалы тұрмыз. Ауылымызда жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып жатыр. Елбасы Н.Назарбаев халықтың денсаулығына айрықша маңыз беріп, жыл сайын салаға бөлінетін қаржыны арттырып келеді. Осының нәтижесінде тұрғындар үшін ауылдан аспай ем қабылдауға зор мүмкіндік туып отыр. Бұл біз үшін Тәуелсіздік күніне арналған тарту болмақ. Бұл амбулаторияда науқастардың саны аз болсын. Дендеріңіз сау болып, ауырмай жүріңіздер! Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай!, — деді Бәйдібек ауылының тұрғыны Көпсекбай Қалдыбаев.

— Бүгін ауылымызда айтулы шара болып жатыр. Еліміздің Тәуелсіздік күніне орай ауылымызда дәрігерлік амбулатория ашылып, бәріміз қуанышты күйге бөленіп отырмыз. Ауылымыз аудан орталығынан алыс орналасқан. Біз секілді қарттарға, науқастанған адамға орталық ауруханға бару оңайға соқпайды. Енді ем-домды ауылда қабылдап, дәрігерге дер кезінде қараламыз. Осындай жақсылықтан құр қалдырмаған Елбасыға алғысымыз шексіз, — деді Көкқайнар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Бекбосын Доланбаев.

Айта кету керек, 1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күніне орай Шу ауданындағы Тасөткел, Шоқпар ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті ашылса, Белбасар, Бірлікүстем ауылдарында ветеринариялық пункті ел игілігіне берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.