Жаңатұрмыста жаңа амбулатория

0 3

Еліміз үшін ұлық мереке қарсаңында Қордай ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, мердігер компания өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдастарын осындай үлкен қуанышты сәтпен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ырысбек Әбдібаев және ауыл тұрғыны Бердіқожа Нүркеевтер құттықтады. Ақсақалдар Елбасы саясатының арқасында ауылға жетіп отырған медицина игілігі үшін алғыстарын білдіріп, осында қызмет жасайтын жандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін аталмыш мекеменің құрылысымен айналысып,  уақытында тапсырған мердігер «Астана энерго мастер» ЖШС директоры Мадияр Кутиев амбулаторияның бас дәрігері Әйгерім Еркибековаға символикалық кілтті табыс етті.

15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ем-шара бөлмесі, зертхана, ем-дом қабылауға арналған төсектер, акушерлік бөлмесі бар.

Жалпы жобаның құны 34 млн. 993 мың теңгені құраған. «СК АВС» ЖШС тапсырысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған медициналық мекеменің ашылуына ауылдықтар да дән риза.

Ауылымызда осындай ғимарат қашан салынады деген арман бар еді бізде. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жандар аудан орталығына жүгінбей, өз ауылымызда ақ ем-шара қабылдап, заманға сай медициналық көмекті алатын күнге де жеттік. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нүрсұлтан Назарбаевтың халыққа деген қамқорлығының арқасы деп білемін. Жаңа медициналық мекеме құтты болсын, ауылымызда осындай істің басталғанына мұрындық болған аудандық басшылыққа, іскер азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді медицина саласының зейнеткері, ауыл тұрғыны Маржанкүл Джангарашова.

Салтанатты ашылу шарасы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.