Байзақ аудандық орталықтандырылған кітапханада білім орталығы ашылды

0 66

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияға жаңа жобалар мен міндеттерді тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар, соның ішінде аймақтық кітапханаларды жаңғырту аясында жастарға арналған білім орталықтарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Аталған жоба аясында және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты міндеттерді іске асыру мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханада білім орталығы ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев жастарды кітап оқуға тартудың ең тиімді жолы – кітапханалар жүйесін жаңғырту болып табылатындығын, бұл бағытта қолға алынған жобалардың жемісін жұртшылық көріп отырғандығын жеткізді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отырған білім орталығының қызметіне сәттілік тіледі. Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, түрік этномәдени орталығының жетекшісі Мехия Раджамов сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Өмірбекова қонақтар мен оқырмандарды кең әрі жарық бөлмеге жайғасқан орталықпен таныстырды.

Білім орталығы төрт алаңға бөлінген: білім мен ғаламтор, кітап оқу, кофе, жұмыс алаңдары.

Барлық алаңдар қажетті құралдармен жабдықталған. Білім мен ғаламтор алаңында керекті ақпараттарды алып, әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісін кеңейтуге, теледидардан қызықты бағдарламалар мен мультфильмдерді көруге мүмкіндік мол. Келесі алаң – кітап оқу алаңы. Оқырмандар жұмсақ жиһазға отырып, кітап, мерзімді басылымдар оқиды, демалады. Кофе алаңында кофе ішіп, пікір алмасады. Жұмыс алаңында қоғамдық емес ұйымдар, ұжымдар, мекемелер мен бірлестіктер, қызығушылық клубтар әртүрлі жиындар, іс-шаралар өткізеді.

Білім орталығын заманауи құрылғылармен жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2 млн. теңге жұмсалған екен.

Ержан Әбдібекұлы, оқырман:

-Егемен еліміздің басты мерекесі қарсаңында ашылған білім орталығында жастардың білімдерін жетілдіріп, қажетті ақпаратты алуына барынша жағдай жасалып отырғандығы қуантты.

Жұмыс істеуге қажетті кеңістік пен ыңғайлы орындықтар, жеке және топпен жұмыс істеуге арналған алаң, жылдам интернет пен тегін вай-фай, принтер мен сканер бар.
Партия жобасы шеңберінде қолға алынған игілікті істі жастар тиімді пайдаланады деп ойлаймын.

Білім орталығының ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысты.

Нұрболат СҰРАНШИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.