Таласта қант қызылшасын өсіру қарқыны артып келеді

0 1

Талас ауданында «Шарипов» шаруа қожалығы (төрағасы Н.Юнусов) «Бекен» шаруа қожалығымен бірігіп (Н.Исахметов), Ақкөл ауылы аумағынан 120 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен қызылша отырғызған. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Тың жер болғандықтан, алынып жатқан өнім көлемі жаман емес көрінеді. Бұл жайында шаруа  қожалық төрағасы Нұржаппар Исахметов айтып берді.

— Қызылша жинауды 12 қазаннан қолға алдық. Бүгінге дейін 45 гектары жиналды. Сәтін салса, бір апта көлемінде аяқтап бітіреміз. Тараз қаласындағы қант зауытына келісіне 8 теңгеден өткізуге келістік. Одан бөлек, Үкімет қызылша үшін келісіне 12 теңгеден субсидия бөледі. Қазір 15 «КамАЗ» тіркемесімен жалдадық. Жүк көліктерінің күшімен күніне 250-300 тоннадай қызылша артып жатырмыз, — деді ол.

Есебі  нақтылана қойған жоқ. Десе де, гектарына 350-400 центнерге жуық өнім болатын түрі бар. Бір бас қызылша орта есеппен 2-2,5 келі тартады. Мұндай жоғары көрсеткіш аудан үшін үлкен жаңалық. Дала төсінде ауа райының сан құбылысына қарамастан жерге баппен қарай білген диқандардың ерен еңбегінің нәтижесі демеске лажымыз жоқ.

Олар көмек беруге ниет білдірген ауыл тұрғындарын тартып, күнделікті еңбекақысын төлеп отыр. Уақытша науқан болса да, бос қолға табылған іске егістік басында жүрген жиырмаға жуық адамның көңілі тоқ.

Қазір алқап басында 3 техника дамылсыз жұмыс жасау үстінде. Сондай-ақ, қажетті дизель отыны жеңілдетілген бағамен ұсынылып отыр.

Жалпы «Бекен» шаруа қожалығының иелігінде 270 гектар суғармалы жер бар. Істің жайын білетін адам жоспар құрып, адам ерте қамданады. Нұржаппар Исахметов 15 гектарға келер жылға дайындап күздік  пияз отырғызып үлгеріпті. Мұнымен шектелмей оның көлемін 60 гектарға жеткізу жоспарында бар.

Биыл шаруа қожалықтары тәтті түбірден бөлек, шығымын байқау үшін 8 гектарға пияз, 6 гектарға картоп, 10 гектарға бақша дақылдарын егіпті. Өнім  өз өсімін берген.

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.