ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Туберкулез ауруының алдын-алуға арналған айлық басталды

Туберкулез ауруының алдын-алуға арналған айлық басталды

туберкулез
Облысымызда ақпан айының 24-нен наурыз айының 24-не дейінгі аралықта туберкулез ауруының алдын-алуға арналған айлық өткізіледі.
   Туберкулез ауруының алдын-алуға арналған іс-шаралардың биылғы дәстүрлі айлығы аясында облысымызда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылмақшы. Елбасының халыққа арналған биылғы Жолдауында: «Қылмыстық-атқару жүйесіндегі туберкулез бен ВИЧ аурулары және  одан болатын өлім деңгейін төмендетуге мұқият назар аудару қажет»,- деп қадап айтылған. Расында, қатерлі құрт ауруларының қатарына жатқызылатын аталмыш дерттен болатын өлім-жітім көрсеткіштері аз емес. Сондықтан да бұл ауру түріне және оның алдын-алуға еліміз баса мән беріп, онымен күресудің барлық жолдарын қарастыруда.
    Туберкулез – ерекше қауіпті және жұқпалы ауру. Ол адам ағзасына «кох  таяқшасы» деп аталынатын қоздырғыш вирустың енуі арқылы пайда болады. Бұл таяқша ауада сақталады және адам  организміне ауа тамшыларымен енеді.  Әсіресе, қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған жас балалар үшін және әлсіз, дімкәс, ауруға жақынырақ тұратын ересек адамдар үшін  бұл - өте қауіпті ауру болып саналады.  Себебі, мұндай адамдарға ауру ауа арқылы тез жұғады. БЦЖ вакцинасын балаға нәресте кезінде, сосын 6 және 12 жасында жасайды. Сондықтан, өз тұрғылықты аймақтық емханасында ата-аналар балаларына мұндай егу түрлерін жасатып тұруды ұмытпағаны жөн.    
Жамбыл облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалға келсек,  2015  жылдың 12 айында  облыс бойынша туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші - 1,4%-ға төмендеген (100 мың тұрғынға шаққанда 2015 жылдың 12 айында 58,1,  ал  2014 жылдың 12 айында 58,9 болған).  ҚР аурушаңдық көрсеткіші – 58,5.
Аурудың эпидемиологиялық көрсеткіштері мен  науқастарды сүйемелдеу сатысында емдеудің тиімділігін арттыруда туберкулезге шалдыққан науқастарға  әлеуметтік  жәрдем көрсету де өз нәтижесін беруде.
Облыс бойынша туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында –33587,5  мың теңге бөлінді, ал 2014 жылдың 6 айында – 24710,4 мың теңге болған.
      Дерттің таяқшалары ауада тез тарайды және оның вирусы мұндай жағдайда ұзақ сақталады. Күн сәулесі көп түсетін жерлерде ол әлсіздік танытады. Өкпе туберкулезіне шалдыққан адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде микробтарды ауаға тез таратады. Сау адам сол микробтарды жұту арқылы ауруды бойына тез қабылдайды.
     Ауруды жұқтырған адамның алғашқыда басы ауырып, дене қызуы көтеріліп, бойын әлсіздік дендеп, тамаққа тәбеті төмендеп, үнемі жөтеле береді. Мұндай белгілерді өз бойынан байқаған адам тез арада дәрігерге көрінуге тырысу қажет. Өйтпеген жағдайда, жөтелу, түшкіру, сөйлесу арқылы микробтарды таратып, жылына 10-25-ке дейін сау адамдарға ауруды жұқтыруы мүмкін.
     Дер кезінде дәрігерге көрініп, туберкулездің алдын-алуға, оның  бойға дендеп енбеуіне әрекет жасамасаңыз, ауру  адам ағзасын толық жаулап, өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Себебі, туберкулез қоздырғыштары аса өміршең, оларды жою оңай емес.
    Онымен ауырған адамға туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен емделудің арнайы толық курсынан өткен жағдайда ғана сауығуға болады. Емделу кезеңі 6 айға созылады, оның 2-3 айы міндетті түрде ауруханада өткізілуі тиіс. Сондықтан дәрігердің ұйғарымын қатаң орындай отырып, емделу кезеңін үздіксіз жалғастыру қажет.
Егер, Сіз, немесе Сіздің отбасы мүшелеріңіздің бірі ұзақ уақыт бойына жөтелсе, тез арада дәрігерге көрініңіз. Ерекше қауіпті және жұқпалы аурудың белгілерін байқасаңыз, уақыт өткізбеуге тырысыңыз. Заң бойынша туберкулезді емдеу - тегін. Қазақстандықтар денсаулығын арттыруды, ауырғаннан гөрі, ауырмаудың алдын-алуды міндеттеп отырған Елбасы: «Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады»,-дейді.
  Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, адамдар көп нәрсеге мән бере бермейді. Әсіресе, денсаулықтың қадірін тек ауырып, ем іздей бастағанда ғана түсіне бастайтыны жасырын емес. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!
 
 Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі Толқын Өмірбаева
                                                 
 

Пікір: 0
Пікір қосу