Қазақ-қырғыз шекарасындағы қызметтерді реттейтін құжат мақұлданды

0 0

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталған келісім 2017 жылы 25 желтоқсанда бекітілді. Құжаттың басты мақсаты — құқықтық негізді өзара белгілеу және мемлекеттік шекарада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынасты реттеу.

«Келісімде екі ел мемлекеттік шекарасының режимін белгілеу, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайту қарастырылады», — деп нақтылады ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары — шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов.

Құжаттың күшіне енуі Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы ережені орнатуға, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Келісімге сәйкес, мемлекеттік шекараны күтіп ұстауды тараптардың уәкілетті органдары жүзеге асырады және ол мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету мен ұстап тұруға бағытталған. Өз кезегінде уәкілетті органдар шекара белгілерін қорғау, олардың бүлінуінің, орны ауыстырылуының, бұзылуының немесе жоғалуының алдын алу бойынша шаралар қабылдайды. Құжатта адамдардың, көлік құралдарының шекараны кесіп өту және шекара арқылы жүктер мен өзге мүлікті алып өту тәртібі айтылады.

Келісімде мемлекеттік шекараның, шекаралық белдеулердің үстінен ұшуды жүзеге асыру тәртібі мен шаруашылық пен басқа да қызметті жүргізу, сондай-ақ шекара белдеулері мен сулары шегінде өзге де іс-шараларды өткізу тәртібі ескерілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.