Облыста халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші 53 пайыздан асты

0 4

Жамбыл облысында  халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші 53 пайыздан асты. Ауылды – аймақтардағы 370 елді мекеннің 199-на таза ауыз су жүйесі тартылып отыр. Ал, қаланы қоса есептейтін болсақ өңірдегі 1 млннан аса халықтың 70 пайыздайын қамтиды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

2018 жылы 10 елді мекенге ауыз су желісі жүргізілсе, биыл бұл бағытқа тағы 3,4 млрд теңге бөлініп отыр.

Өткен жылы су құбыры тартылып, 85 үйдің 837 тұрғыны таза тіршілік нәрін тұтынуға мүмкіндік алған Тоғызтарау ауылы. Мұндай қуаныш Пригородное ауылына да былтырғы Тәуелсіздік мерекесінде бұйырыпты. Сумен қамту жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 62 шақырым су құбыры тартылып отыр. Мердігер компания межелі мерзімнен 1 жыл бұрын жұмысты аяқтап, жергілікті халыққа тарту жасады.

Талас ауданы Қызыләуіт ауылы бұрын ескі құдықтың суын пайдаланып келген-ді. Сапасына да кепілдік жоқ болатын. Енді, елге ауыз су беруге  436 млн. теңге жұмсалды. Нысан аумағында 50 текше метр су қорын жинайтын су мұнарасы, сыйымдылығы 300 текше метрге шақталған 2 жер асты су қоймасы орналасқан. 2 шақырым қашықтықтағы арнайы ұңғымадан жеткен су мұнда сүзгіден өтіп, ауылға беріледі.

Ал, Көптерек ауылдық округіне қарасты Кеңес ауыл тұрғындары да  көптен күткен қуанышқа жетті. Ауладағы құдықтың ащы суын қанағат қылған  халық, таза су тұтынуға мүмкіндік алды. Мемлекет қазынасынан 43 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған су ғимараты  1 жыл ішінде аяқталып, ел игілігіне берілді.

Ауқатты ауылындағы жаңартылған сумен қамту жүйесі де тұрғындардың талайдан бергі арманы болған еді. Жаңа нысанда екі резервуар, екі сусорғыш стансасы мен ультрасүзгімен залалсыздандыру ғимараты, сондай-ақ су кернеуіш мұнара орнатылған. 100 метрлік тереңдіктен шығатын судың сапасында мін жоқ. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту кезек күттірмес мәселенің бір.  Бұл бағытта биыл тағы 10 елді мекенге таза ауыз су желісін жеткізу жоспарланып отыр.

Дереккөз: Jambyl tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.