Талас ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0
235

Бүгінде Талас ауданына қарасты Қасқабұлақ, Есейxан және Қараой ауылдарының шаруасы ширақ. Жылдан жылға тірлігі тіктеліп, өрге басып келеді. 1221 тұрғын тұратын Қасқабұлақ ауылының негізгі кәсіп көзі – мал шаруашылығы. Әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды. Салынған су жаңа мектеп, амбулатория, ауылдық клуб өз жұмысын атқаруда, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

-2011 жылы ауылға жаңа медпункт соғылды, ал 2015 жылы Қаратау ауылдық округінен бөлініп шықты. Ауылдың саяси ахуалы тұрақты. Соңғы 10 жылда ауыл ішінде ешқандай құқық бұзушылық орын алмаған. Елбасының салиқалы саясатының, елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің арқасында тұрғындардың жағдайы жақсы, – дейді ауыл әкімі Сулхадин Мустафаев.

Өткен жылы ауылда жаңа мектеп салынып, оқушылар игілігіне тапсырылыпты. Бұған дейін балалары 1938 жылы салынған ескі мектепте оқыған тұрғындар заманауи білім ордасының бой көтергеніне қуанышты.

– Мектепте барлығы 144 оқушы оқиды. Жаңа оқыту жүйесіне көшірілген, 27 мұғалім бар. 42 компьютер, 2 интерактивті тақта,интернет жүйесі бар, – дейді мектеп директоры Хамза Мустафаев.

Қаратау ауылдық огругіне қарасты Есейхан және Қараой ауылдарының да тірлігі ілгері басқан. Қос ауылда 1589 тұрғын қоныстанған. Оның 1210-ы Есейхан ауылында тұрса, Қараой ауылында 379 тұрғын бар.  Мұнда таза ауыз су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Ауылды толық ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапкершілік алған “Монолит -2030” мердігер компаниясы құрылысты жүргізуде.
-Құрылысты өткен жылы бастадық, осы жылдың соңында халық игілігіне беріледі. Ауыз су ең алдымен 50 кубтық су қоймасына тартылып, одан кейін су мұнарасына жеткізіледі. Ал ауылға дейін тартылған су құбыры арқылы берілетін болады, – дейді бас инженер Бақтияр Алиев.

-Әлеуметтік нысандар бойынша негізгі мәселе өз шешімін тапқан. 2016 жылы Есейхан ауылында 120 орындық жаңа мектеп соғылса, 2017 жылы Қараой елді мекенінде 50 орындық мектеп өз жұмысын бастады. Ауылдық округте тіркелген 75 шаруа қожалығы бар, оның ішінде 13 шаруа қожалығы егістікпен, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады, – дейді Қаратау ауылдық округінің әкімі Қанат Шыныбеков.

Есейхан ауылының оқушылары бұрын ескі, апатты жағдайдағы мектепте оқып келген екен. 2 жыл бұрын жаңа мектептің табалдырығын аттады.
-Мектеп 2016 жылы пайдалануға берілген, 120 орындық мектепте 192 оқушы екі ауысымда оқиды, жаңа оқыту жүйесіне көшірілген, оқытушылар аттестатциялаудан өткен – дейді директордың орынбасары Мереке Шыңғабылова.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев, құрылыс саласында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Елбасы жолдауына сәйкес “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарлама аясында ауданда бірнеше нысандар салыныпты. Талас ауданы бойынша 3 авариялық мектептің орнына жаңа мектептер соғылса, қосымша 2 ауысымда оқитын 7 мектеп іске қосылған. Ауыз су бағдарламасы аясында құжаттар дайындалып, бөлінген қаржы игерілуде.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here