Жансая Әбдімәлік АҚШ-тағы беделді шахмат турниріне шақырту алды

0 6

«Saint Louis Chess Club» Жансая Әбдімәлікті «Cairns Cup 2019» әйелдер турниріне қатысуға шақырды. 

Жас шахматшының айтуынша, бұл күтпеген оқиға болды.

«Шыны керек, осы турнирге шақырту аламын деп күтпеп едім. «Saint Louis Chess Club» тұжырымы бойынша әлемнің үздік он шахматшысының қатарына кіріп, онда Қазақстанның намысын қорғау үлкен жауапкершілік», — дейді Жансая.

«Cairns Cup 2019» турнирі алғаш рет өткізілгелі отыр, алдағы уақытта ол дәстүрлі турнирлер қатарына қосылады. Партиялар 2 ақпан күні Миссури штатының Сент-Луис қаласындағы әйгілі Chess Club клубында басталады. Спортшылар онда айналым жүйесі бойынша ұпай жинайды.

«Бұл ең жоғары деңгейдегі жарыс болмақ. Жансая оған Қазақстан атынан қатысатын бірден-бір спортшы әрі турнирдің ең жас қатысушысы.  Дегенмен оның әлем чемпионаттарындағы ойындары Жансаяның тәжірибелі қарсыластарынан қаймықпайтынын талай рет көрсетті», — дейді Қазақстанның Шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Айта кетейік, турнирдің жүлде қоры 150 мың доллар. Бұл әйелдер арасындағы айналым жүйесінде өтетін жарыстар тарихында бұрын-соңды болып көрмеген сома. Бір ерекшелігі, оған қатысушылардың ешқайсысы да сыйақысыз қайтпайды. Бірінші орынға 40 мың доллар, ал оныншы орынға 5 мың доллар тігілген.

Еске сала кетейік, Жансая Әбдімәлік шахматтың барлық түрінен 20 жасқа дейінгілер арасында әлем рейтингінде көш бастап тұр.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.