Облыста биыл 9000 мың гектар жер айналымға қосылады

0 0

Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметов табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының жылдық қорытынды есебін тыңдап, атқарған жұмысын саралады. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр басқарма облыстық әкімдікпен арада 7 түйінді индикатор бойынша келісім-шарт жасасқан болатын. Соның бірі тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Яғни, бұл тірлікке кәсіпкерлерді тарту мен аудан бюджетінен қаржыландыру жағы өзекті. Өңірде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен айналысатын 15 мекеме бар. Былтыр олар 1700 тонна қалдықтарды сұрыптаған. Қалдықтар Алматы және Павлодар қалаларына жөнелтілген. Себеп, бізде мұндай күл-қоқысты қайта өңдейтін зауыттар жоқ. Басқарма алдағы уақытта моноқалалары бар Сарысу, Талас және Шу аудандарында осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отырғанын айтады. Асқар Мырзахметов бұл жоспарды жеделдетіп жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер мен Атамекендіктерді, сондай-ақ жергілікті билікті тарту қажеттігін атап өтті. Нақтылы кезеңде аудандарда 178 кездейсоқ қоқыс орындары анықталған. Берілген тапсырмаға сай, олардың барлығы осы қаңтар айында жойылуы тиіс болатын. Сан сылтауды желеу еткен аудан басшылары бұл тапсырманы күні бүгінге дейін орындамай отыр. Ендігі меже наурыздың бірі болып белгіленді. Ал қоқыс тастайтын алаңы жоқ 57 елді мекеннің мәселесін бірінші тоқсанда шешуге жауаптылар сөз берді.

Жиында қаралған келесі мәселе – өңірдегі су нысандарының жағдайы болды. Жамбыл облысында 93 су нысаны бар. Су қорғау аймақтарындағы белдеулерді анықтау үшін 77-сінің жобалық сметалық құжаттарын жасақтау керек, дейді басқарма басшысы. Бұл ретте облыс әкімі су қорғау аймақтарында белдеулерді анықтамайынша, ауыл әкімдіктері ешқандай шешім шығармау қажеттігін тапсырды. Өңірде қараусыз қалған су қоймаларының барлығы мемлекет меншігіне алынған. Ендігі міндет – барлық су қоймаларын толыққанды іске қосқан жағдайда, қанша жердің қайта айналымға қосылатындығы жөніндегі есеп-қисап жүргізу қажет. Жамбылда су жеткілікті. Бірақ біз оны тиімді пайдаланып отырған жоқпыз, деді әкім. Мәселен, «Тасөткел» су қоймасындағы судың бір бөлігі ғана игілікке жұмсалады, қалғаны далаға кетеді екен. Сондықтан, су қорларын толығымен іске жарату жағын ойластыру тапсырылды. Биыл мехотрядтың көмегімен 9000 мың гектар жер айналымға қосылады. Асқар Мырзахметов бұл орайда өнімнің көлеміне әсер ететін дақылдарды қарау керектігін айтты.

Жиында сондай-ақ, өңірдің экологиялық мәселесі де қарастырылды. Ауаны зиянды қалдықтармен ластап, талай адамды улап жатқан зауыттарға қатысты басқарма шара қолданбақ. Тиісті индикаторлардың ішінен орын алмағаны дала өртінің алдын алу шараларының өз деңгейінде орындалмауы болып отыр. Бізде өрт бола қалған жағдайда, жеделдік жетіспейді. Әрекет етемін дегенше, қызыл жалын біраз жерді жалмап кетеді. Былтыр орман шаруашылығында 39 өрт оқиғасы тіркеліп, 140900 гектар жер жанып кеткен.

Маңызды мәселенің бірі – облыстағы орманмен көмкерілген жерлердің көлемін арттыру. Облыс әкімі қаланың төрт бұрышынан жасыл аумақ құруды тапсырған болатын. Аталған мәселе де толығымен шешімін таппаған. Жамбыл Байзақ аудандары және Тараз қаласының әкіміне осы мақсатқа жер анықтап, ұсыныс енгізу тапсырылды. Қорытынды жиында жуырда ғана құрылған жануарлар дүниесін және ормандарды қорғау жедел қызметі есеп беріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының да өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Басқарма басшысы Оспан Бердияровтың айтуынша ветеринария саласы бойынша жүктелген облыс әкімінің 17 хаттамалық тапсырмасы толығымен орындалған. Сонымен қатар ол, 2018 жылы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 1,334 млрд. теңге бекітіліп, тікелей аудандық бюджеттерге берілгенін жеткізді.

Жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралардың барысында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жануарлардың созылмалы бруцеллез ауруына шалдығуы жылдан жылға төмендеуде. Аталған аурудың жануарлар арасында кемуі адамдар арасында да бұл аурудың төмендеуіне оң әсерін тигізген. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды зерделеу барысында облыс тұрғындары арасында бруцеллезге шалдығу жағдайлары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 адамға кемігені анықталған.

Жиын барысында облыс аумағында энзоотиялық ауруларға қарсы күрес жөнінде де сөз болды. Өткен жылы бұл бағытта жұмыс жүргізу мақсатында 374 млн. 924 мың теңге бөлініп, мүйізді ірі қара малының тейлериоз ауруына, жылқының сақауына және ауыл шаруашылығы малдарының сальмонеллез ауыруына қарсы егілетін вакциналары алынып, алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылған.

Облыс бойынша ветеринариялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін былтыр 233 жеке тұлғаға 6 541 600 теңге, 23 жеке кәсіпкерге 1 443 000 теңге және 1 заңды тұлғаға 60 125 теңге жалпы соммасы 8 044 725 мың теңге болатын айыппұл салынған. Оның 6 842 325 теңгесі яғни 85 пайызы өндірілген. Сонымен қатар, заңды және жеке тұлғаларға ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау үшін 1181 нұсқама берілген.

Облыс әкімі Асқар Исабекұлы егілетін вакцияның сапасы, мал сою алаңдарының жұмысы, қаңғыбас иттерді ату шараларындағы мәселелерді тілге тиек етіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы нәтижені тек қағаз күйінде ғана жақсартып қоймай, шынайы көрсеткіштермен жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.