Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы жарияланды

0 4

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы жарияланды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облысы Саясаткер әйелдер клубының төрайымы Гүлсін Орынбаева, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы Самат Қалмахановтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттгігі.

Спикерлер сөзінше,  2018 жылғы қарашадан бастап 2019 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде еліміздің барлық өңірінде конкурсанттарды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Конкурс жеңімпаздарының есімдері ақпанның соңында – Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында белгілі болады.

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

Лауреаттар бес номинация бойынша анықталады:

«Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған);

«Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі);

— «Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады);

 — «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады);

— «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдардың жариялануынын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры,  Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» Агенттігінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы жалғасуда. Ақпараттық қолдаушы – «КТК» телеарнасы. Сондай-ақ, конкурсқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті  мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.