Облыста жатыр мойыны қатерлі ісіктің алдын алу апталығы өтіп жатыр

0 7

Ағымдағы жылдың 21 қаңтарынан бастап облыста жатыр мойыны қатерлі ісіктің алдын алу апталығы басталды. Апталық аясында Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің мамандары «Онкологиялық аурулардың алдын алудың маңызы мен мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Кездесуге мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Абай Нұржановтың кіріспе сөзімен ашылды, бас дәрігердің мазмұнды баяндамасында республика және Жамбыл облысы бойынша онкологиялық аурулардың көрсеткіштері, шешуді талап ететін мәселелер көрсетілді және Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асырудың негізгі бағыттары айтылды.

— Онкологиялық аурулар — бұл бүкіл қоғамның проблемасы. Оның тиімді шешімі үшін тұрғындар қатерлі ісік туралы біліп, естіп одан қорықпауы қажет. Бүгінгі таңдағы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы — бұл дер кезінде емдеуді бастауға және науқастың өмір сүру ұзақтығын арттыруға нақты мүмкіндік. Бұл ретте біз үлкен прогресті көріп отырмыз, — деді Абай Нұржанов.

Сондай-ақ, жатыр мойыны обырының мәселесі бойынша бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Мамадиярова хабарлама жасады. Оның айтуынша, жатыр мойны обыры алдын алуға болатын ауру, егер ол қатерлі ісіктің алдын алу сатысында немесе ерте сатысында анықталса. Мәліметке сәйкес, 2016 жылы облыста жатыр мойны қатерлі ісігімен диспансерлік есепте — 457 (477 — 2017 ж.) пациент тіркелген, оның ішінде алғаш рет есепке алынғаны– 72 (78 — 2017 ж.), оның ішінде І және ІІ сатысында – 69 (2017 ж. — 69) пациент есепке алынды – 95,8%. Баяндамашы жатыр мойны обырының алдын алу және диагностикалау мәселелерін баяндап, тыңдаушыларды жатыр мойны обырын тудыратын вирустарға қарсы вакцинаның бар екендігі туралы хабардар етті.

Кездесу барысында онкодиспансердің мамандандырылған кеңес беру-диагностикалық орталығының басшысы Кенжехан Бекқұлиев сөз сөйлеп, Жамбыл облысының тұрғындары арасында сүт безі мен жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін скринингтік тексерудің қорытындысы туралы айтты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар, «Дөңгелектердегі Хоспис» жобасы аясында онкологиялық науқастарға паллиативтік көмек көрсететін «Амазонка» қорының директоры Анжелика Сарьян емханалардың қызметкерлерін онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарды қолдау және көмек көрсету үшін бірлескен белсенді жұмысқа шақырды.

Кездесуге қатысушылар обырды ерте анықтау бойынша негізгі жұмыс емханалардағы учаскелік және жалпы тәжірибе дәрігерлермен, қарау кабинеттерінің мамандарымен жүргізілуі тиіс деген пікірді бір ауыздан қолдады.

Кездесу соңында мамандар 26 қаңтар күні Жамбыл облыстық онкологяиылқ диспансерінде жатыр мойны обырының алдын алу апталығы шеңберінде ашық есік күні өтетін және ол күні ешқандай жолдамасыз онколог мамандардың тегін кеңесін алып, қаралуға болатынын хабарлады.

Айта кетейік, 4 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қарсаңында республика бойынша 21 қаңтарда жатыр мойны обырымен күрес және алдын алудың Дүниежүзілік апталығы басталды.

Статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша республикада алғаш рет 35 175 (2017 ж. — 35 695) науқас анықталды. Барлық тіркелген онкологиялық науқастар — 171 813. Жамбыл облысы бойынша 2018 жылы — 1582 науқас (2017 ж. – 1596 науқас) алғаш рет есепке алынып, жылдың соңында барлығы – 7194 құрады (2017 ж. — 6663).

Leave A Reply

Your email address will not be published.