Жастар жылының ашылуын жамбылдықтар тікелей эфирден көрді

0 0

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласындағы “Нұр әлем” павильонында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атауымен “Жастар жылының” ашылу салтанаты өтті. Аталған шараны жамбылдықтар  тікелей эфирден тамашалады,   — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Жастар жылының ашылу салтанатында жастар тарапынан бірнеше ұсыныстар айтылды. Атап өтер болсақ, интернет жобаларды көбейту, Astana open University жобасы, бүркітшілер мектебін ашу т.б ойлар қозғалды. Ал, аграрлық бизнес саласын дамыту үшін көктемде Астанада алма бағын салу ұсынысы мақұлданды.

Биыл оқу орындарындағы грант көлемі 2 есе артатын болады. Сонымен қатар, жастар стартапын қолдауға арналған қор құрылады.

— Жастар жылында еліміздегі жастар үшін тың идеялар мен бастамалардың жүзеге асуына және жастардың барлық әлеуметтік мәселелерінің шешімін табатынына зор сенімдеміз! Жас отандық ретінде біздің облысымыздағы барлық жастарға жасалатын осы мүмкіндіктер олардың болашақтағы әлеуетін арттыруға зор күш жігерін салады деген ойдамын! Биыл ғана Асанәлі Әшімов атындағы жастардың шығармашылық орталығының жаңадан берілуі мен облысымыздағы жастар аллеясының соғылуы біздерге зор мүмкіндік береді деген сенімдеміз! — дейді «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қатнатының бөлімше басшысы Бақытжан Райымбайұлы.

Қазіргі таңда әлем бойынша 300 млн. жас жұмыссыз жүр. Осыған орай, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында айлық көрсеткіші 70 мыңнан 100 мыңға ұлғаяды. Бұған қоса, Елбасы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу керектігін айтты. Ал, бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қазынадан 32 млрд. теңге бөлінбек.

— Тараз қаласындағы 2017 жылы қыркүйекте ашылған «Темірқазық» волонтерлер ұйымының мүшесі боламын! Сол уақыттан бері көптеген іс-шаралар өткізіп, ерікті ретінде өзіміздің бос уақытымызды тиімді пайдалануға волонтерлар ұйымы көп көмегін беруде. Қазіргі таңда, 2 жыл ішінде 150-200 қайырымдылық жұмыстарын атқардық!, — дейді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Нұрсұлтан Тоқтағанов.

Статистикаға сүйенсек, өңірде 240 222 жас (қалада- 90 763, ауылдық елді мекенде- 149 459) бар. Жастар жалпы облыс халқының 21,5 пайызын құрайды. Облыста жүргізілген талдау нәтижесінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген, еш жерде оқымайтын, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған 11 мыңнан астам жастың базасы жасақталды. Нәтижесінде бүгінде олардың 563-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жалпы, есепті кезеңде өңірде 40 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 1006 жас тартылды.

Сондай-ақ, өңірде Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 206 жоба іске асырылуда.

Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.