Жамбыл облысында 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді

0 1

Жамбыл облысында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам (65%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Рахия Сейтбекқызының айтуынша, облыстың білім беру саласын қаржыландыруға 2018 жылы 107,8 млрд. теңге қаржы бөлінген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9,4 млрд. теңгеге артық.

Бүгінде облыста 532 мектепке дейінгі білім мекемелерінде 54 мыңнан астам бала тәрбиеленуде, оның ішінде 1-3 жас аралығында 12 мыңнан аса бала бар. Ал 156 жекеменшік ұйымдарда 14334 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 6041 орындық 66 мектепке дейінгі ұйым ашылса (58 жекеменшік балабақша, 6 шағын орталық), биыл  2874 орындық 27 мектепке дейінгі ұйым ашу көзделуде  (21 балабақша, 6 шағын орталық). Сондай-ақ, облыстың 446 мектебінде 222 801 оқушы  білім алуда. Кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. 1,2,3,5,6,7,8-ші сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқиды, — деді басқарма басшысы.

Облыс оқушылары республикалық, халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 2018 жылы 143 медальды (22 — алтын, 35 — күміс, 86 — қола) иеленді.

Елбасы Жолдауда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екендігін баса айтты. Бұл жұмыс та облыста жүзеге асырылуда. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы мен облыс әкімі Меморандумға қол қойды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін өңірлерге тарату мақсатында облыста 40 мектеп базалық алаң ретінде жұмыс атқаруда. Алдағы оқу жылында олардың саны 50 пайызға дейін артатын болады. Сонымен бірге, мектептерде жаратылыстану пәндерін (химия, биология, физика, информатиа) ағылшын тілдерінде оқыту мәселесі қолға алынды.

Айта кетейік, 2018 жылы облыстың 1229 педагогы республикалық түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып  жүлделі орындарды иеленді. 4 педагог республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы атанды (2 млн 405 мың теңгенің грантын иеленді). Біліктілігін  дәлелдеген 2 мыңнан астам мұғалімдерге 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақы биылғы 1 қыркүйегінен бастап төленсе, 4 мыңнан астам мұғалімге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төленеді.

Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.