Тараз қаласында «Жастар аллеясы» бой көтереді

0 6

Таразда Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» аллеясын абаттандыру жұмыстары «Наурыз» мейрамына дейін аяқталатын болады. Аталған нысанның атауы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен «Жастар аллеясы» болып өзгертіледі. Саябақ «Жастар жылына» арналған тарту болмақ. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов 2018 жылы атқарған жұмыстарға халық алдында есеп беру жиынында айтты, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стеллалары орнатылады және су бұрқақтарға әртүрлі түс беретін арнайы қондырғылар қойылады. Сондай-ақ, аллеяның ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, аллеяға үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде концерттер мен кино көрсетілетін болады.

Тағы бір жаңалық. Қаланы одан ары көркейту және туризмді дамыту мақсатында 2019 жылы бірнеше жаңа нысандар бой көтереді. Оның ішінде «Шахристан» тарихи кешенінің маңында өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркем сурет галереясының, қол-өнер шеберханалар және «Руханият» орталықтарының құрылыстары бар. Сонымен бірге, жаңа 15-ші мөлтек ауданының 40 га құрайтын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру мен Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары басталуы жоспарлануда.

«2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер (Арбат) аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағы абаттандыру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Көне-Тараз» кешенінің маңында «Сағат» стелласы орнатылатын болады», — деді шаһар басшысы.

Ал көшелерді жарықтандыру бойынша өткен жылы Төле би көшесіндегі темір бетон бағаналарды металдық бағаналарға ауыстыру, шамдарын светодиодтық шамдарға ауыстыру және кабелдерді жер астымен жүргізу жұмыстары аяқталса, дәл осындай жұмыстар Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, Д.Шестокович көшелерінде аяқталды. Осы бағытта 2019 жылы қосымша 27 көше мен 2 даңғыл бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

Бұдан басқа, қаланың 99 қиылысындағы жол белгілері мен бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағаналарда қосымша уақытты кері есептегіш және көше атауларын бағыттайтын белгілер орнатылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.