Биыл Талас ауданындағы 5 ауылға көгілдір отын беріледі

0 2

Талас ауданындағы 5 ауылға көгілдір отын жеткізіледі. Қазір осы елді мекендер мен Сарысу ауданына қарасты 4 ауылға таратылатын газ құбырын салуға бөлінген 2 млрд. 344 млн. 588 мың теңге игерілуде. Құбыр салу жұмыстары осы жылы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Бұл туралы Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиевтің халық алдындағы есебінде айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ал, өткен жылы Қаратау қаласында 70 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй, 50 орындық «Елдана», «Асыл КИДС» балабақшалары және Тамды ауылында спорт алаңы тұрғындар игілігіне тапсырылған.

Сонымен қатар, Ақкөл ауылында «Бақ құсы» монументі, «Күрес» кешені, Ойық ауылында Бөлтірік шешен кесенесінің айналасын аббаттандыру жұмыстары, Қаратау қаласының орталығында «Ауданның Құрметті азаматтарына» арналған стелла, Үшарал ауылында «Шегебай батыр» кесенесі ашылды. Кеңес ауылдық округінде тозығы жеткен көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Өткен жылы өндіріс те өрге басқан. Жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 36 млрд. 67 млн. теңге құрап 106,1 %-ға орындалды, немесе 2017 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 84 млн. 800 мың теңгеге артты. Өнеркәсіп өнімдері 18 млрд. 363 млн. 500 мың теңгеге өндіріліп, 4 млрд. 76 млн. 700 мың теңгеге артып, 2017 жылмен салыстырғанда 128,5 пайызға орындалды. Нақты көлем индексі 106,3% құрады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдарға ат басын бұрған 27 маманға көтерме жәрдемақы үшін 4 млн. 545 мың теңге және тұрғын үй сатып алу үшін  17 маманға  50 млн. 988  мың теңге несие берілді.

Бұған қоса, ветеринария саласындағы қызметтер үшін жергілікті бюджеттен 147 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. 2018 жылы бекітілген нысаналы индикаторлық  жоспарға  сәйкес Ақкөл, Кеңес, Үшарал және Тамды ауылдық округтерінде  ветеринариялық  пункттерді ғимаратпен  қамту үшін 4 ғимарат анықталып,  жалға беру туралы аталған ауыл әкімдері  және  Талас ауданы әкімдігінің  «Ветеринарлық қызметі» ШЖҚ КМК-ы  арасында  келісім-шарт  жасалынды. Уақ малдарды  шомылдыруға  арналған 3 тоғытпаның құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік актілері алынды. Берікқара ауылдық округіндегі 1 тоғытпа дайын, құжаттары рәсімделуде. Жоспар бойынша жасалуы тиіс 8 мал емдеуге арналған алаңшалардың барлығы жасалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.