«Қара алмада» демалатын күн жақын

0 15

Табиғаты көрікті Жуалы ауданындағы тау бөктерінде «Қара алма» тау-шаңғы базасының құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Мұнда облыс тұрғындары мен қонақтарының қыс мезгілінде жайлы демалысын қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік қарастырылуда. Жобалық құны 3 млрд. 355 млн. теңгені құрайтын туристік аймақ «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы кешеннің құрылысына 274 га жер телімі бөлінген.

Тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстары толығымен орындалды. Ауылға кіреберістен тау бөктеріне дейін көсілген кең жолақты автожолдың құрылысы да аяқталды. Оны тараздық «Айя-Сервис» ЖШС жүргізді. Тікелей база орналасатын тау бөктерінде коттедждер қалашығы бой көтереді. Қазір 17 коттедждің орны қазылып, іргетасы құйылды. Бірнеше коттедждің қабырғасы қаланды.

Демалыс аймағында кәсіби деңгейдегі сырғанау жолдары жасалып, заманауи үлгідегі аспалы жол теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікке таудың ұшар басына дейін орнатылатын болады. Оған қажетті жабдықтардың барлығы құрылыс алаңына толығымен жеткізілген.

Қары қалың, қысы ұзаққа созылатын ауданның табиғаты жыл он екі ай бойына туристерді тартуға таптырмайтын орын. Тек ауа райы ғана емес, логистикалық жағынан да тиімді аймақ. Бұл жер көршілес жатқан Жамбыл және Түркістан облыстарының қақ ортасында, халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автодәлізінен қол созым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей «Қара алмаға» соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.

Тау-шаңғы кешені еуропалық стандарттарға сай салынуда. Ол іске қосылғанда тәулігіне үш мыңға дейін келушіні қабылдайтын болады. Мұнда туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени ойын-сауық қызметтер көрсетіледі. Олар қолжетімді бағаға сапалы қызмет алып қана қоймай, таудың жұпар саф ауасымен тыныстап, жан қалауына сай демалатын болады.  Демалыс орталықтарында туристерге қыс айларында тау шаңғысы мен сноубордпен айналысуға мүмкіндік берілсе, жазда велотуризм, жылқымен серуен кұрып, қымызбен емделуге жағдай жасалады.

Тау шатқалындағы жұмыстар мемлекеттік — жекеменшік әріптестік аясында жалғасады. Кешен толығымен ағымдағы жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Облыстық туризм басқармасы жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдегі ішкі және кіру туризмінен туристік ағым орта есеппен 45 000 туриске көбейеді деп болжап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.