Байзақ ауданында өндірілген өнім көлемі артты

0 13

Байзақ ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 2018 жылы 3 035,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 103,7% қамтамасыз етілді. Бұл туралы аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің тұрғындар алдындағы қорытынды есебінде айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«2019 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіруді 3 млрд. 300 млн. теңгеге өсімді қамтамасыз етіп, 8,7 %-ға арттыру жоспарлануда,” — деп бастаған аудан әкімі жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30 млрд. 818 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайызға жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар, баяндамашы аудандық бюджеттің кірісі мен шығысы, облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы жасалған келісімдерде белгіленген межелік көрсеткіштер, бөлшек сауда айналымы, құрылыс жұмыстарының көлемі, игерілмей немесе мақсатсыз игеріліп жатқан жерлерді тексеру жұмыстары, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, су шаруашылығы нысандары барысында атқарылған жұмыстарға баса назар аударды.

Баяндамасын қорытындылаған аудан әкімі Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қажеттігіне тоқтала келе, алдағы уақытта да ауданды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді.

Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдірді. Ал жеке кәсіпкер Алмас Большебеков шағын және орта кәсіпкерлік саласына қатысты ойымен бөлісіп, аудандағы су қоймаларында балық шаруашылығын қолға алу туралы ұсынысын айтты. Шахандық тұрғын, М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Елемес Есімов соңғы екі жылда аудан ұстаздарының жеткен жетістіктеріне тоқтала келе, Абай, Амангелді, А.Суханбаев атындағы орта мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, дәрігерлердің жетіспеушілігі туралы мәселелерді көтерді.  Ұсыныстары мен өтініштерін айтып, сауалдарына жауаптар алды.

Есеп беру жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, есепті мерзімдегі ауданның даму үдерісін саралады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.