Байзақ ауданы әкімі Ауған соғысы ардагерлерін қабылдады

0 43

Ағымдағы жылдың 15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, Байзақ ауданы әкімі Рахматілдә Рахманбердиев бір топ ауған соғысының ардагерлерін қабылдады. Бұл туралы «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аудан басшысы ауған соғысының тарих бетінен алатын орнына тоқталып, аталған шайқасқа ауданнан 68 азаматтың қатысып, ерлік көрсеткендігіне екпін салды. Бүгінгі таңда арамызда жүрген ардагерлердің жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге белсене атсалысып жүргендігін атап өтіп, даңқты батырларға әрдайым құрмет көрсетіле беретіндігін жеткізді.

Қабылдау барысында Рахматілдә Сегізбайұлы ардагерлерге, атап айтқанда, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәкен Сыздықов, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Парахат Есмурзаев, Алик Зиятбеков, Жамбыл Төлепбаев, Болатбек Еменов, Нұрболат Жылысбаев, Ғазиз Иманбаев, Мұрат Құрбановқа мерейтойлық медальдар табыстап, әрқайсысының жеке шотына 60 мың теңгеден сыйақы аударылғанын жеткізді. Жат жерде ерлік жасап, мерт болған “Қызыл жұлдыз” орденінің иегерлері жетібайлық Қайрат Сүлейменов пен кеңестік Ерғали Теміртаевтің інілері Рүстем мен Мейірғалиға, жақаштық Нүркен Абдуалиевтің ағасы Еркінге сый-сияпат көрсетті.

Қабылдауда болған ауған соғысы ардагерлері атынан сөз алған түймекенттік Болатбек Еменов ардагерлерге деген құрметі мен қамқорлығы үшін аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Көпбосын Нұрдинов, аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ақбаев қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.