Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1,5 есеге артты

0 2

Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1,5 есеге көбейді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Талғат Момышев, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаевтың қатысуымен өткен конференцияда айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес облыста ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Съезде Елбасы тұрғындардың кірістерін ұлғайту және аз қамтылған топтарға қолдау көрсетіп, тұрғын үй мәселелерін шешу, сонымен қатар өңірлерді кешенді дамыту қажеттілігі туралы айтқан болатын.

Сондықтан да бүгінгі күннің әлеуметтік саясаты үш негізгі міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып отыр. Ең бірінші міндет табысты арттырып, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау. Бұл бағытта Мемлекет басшысы қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының деңгейін арттыру жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.

Нәтижесінде 2019 жылғы 1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік саладағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға дейін артады. Бұл облыстың 40 мыңнан астам халқын құрайды. Ал аудандық және облыстық деңгейде халықпен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25 пайызға артады, бұл облыстың 2403 қызметкерін құрап отыр.

Сондай-ақ, табысы төмен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шеңберінде аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көп балалы отбасыларды қамтуды кеңейту үшін атаулы көмек көрсету өлшемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін артады (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін, ПМ – 29698 теңге).

Сонымен қатар, облыста атаулы әлеуметтік көмекпен 75 мың адам қамтылған. Есептеу өлшемінің өзгеруі нәтижесінде АӘК алушылар саны 1,5 есеге артып, 116,2 мың адамды құрады. Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар көп балалы отбасыларға әрбір балаға 20 789 теңге сомасында ең төменгі төлем белгіленді. Мұндай отбасылардың санын анықтау жұмыстар басталып кетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.