Үйге аса қажет 10 қарапайым зат

0 6

Қазіргі уақытта үй жұмыстарына өте пайдалы әрі тиімді көптеген біз білмейтін заттар бар. Бұған дейін ас үй техникаларын бір сүзіп өткенбіз. Бүгін де пайдалы бұйымдардың кейбірімен сіздерді таныстырмақпыз.

1. Вакуумды дорбалар. Адамзаттың ойлап тапқан бұл ғажайып заты кез келген үй шаруасындағы әйелге үлкен көмек болары сөзсіз. Қыстық күртешелер, көрпелер мен үлкен жастықтар вакуумды дорбада жіңішке шелпекке айналып, шкафта тиянақты жиналып тұратын болады. Сонымен қатар, ол заттарыңызды шаңнан, дымқылданудан, күйеден сақтайды. Жаз мезгілінде көкке, суға түсуге шыққанда да жерге төсейтін көрпешелер мен жылы киімдер осындай вакуумды дорбаларға салынса, көліктің артқы жағында орын алмайтын болады. Вакуумды дорбалардың көлемі әртүрлі болып келеді: қарапайым төртбұрышты, киім ілгіші бар, ауаны қолмен толтыратын, шаңсорғышпен айдайтын т.б. Шаңсорғышпен келетіні жақсы.

2. Кір жуғышқа арналған дорбалар. Көбіңіз ұсақ-түйек заттарды үлкен заттармен кір жуғышқа салғанда, бауы бар киімдердің бауы шығып кететінін, шұлықтар мен іш- киімдер үлкен заттардың арасына тығылып, ал кейде қатты айналдырғаннан өңі кетіп, жіптері сөгіліп кететінін байқаған шығарсыздар. Осындай заттар үшін арнайы дорбалар жасалған. Олардың ілгекпен, не баумен жасалған түрлері, көлемдері де түрлі болып келеді. Оған тіпті жұмсақ ойыншықтарды, үй аяқ киімдерін – жалпы көлемді заттардың басқасының бәрін салып жууға болады.

3. Күйдірмейтін табақша. Бұл төртбұрышты не дөңгелек пішінді зат тамақ қуыру-пісіру алдында қаңылтыр табаға, не жай табаға салынады. Оңай жуылады, ештеңе күймейді, зиянды қалдықтар шығармайды. Май жақпай-ақ пісіре беруге болады. Торт пісірерде де астына салынатын қағаздың орнына пайдалана берсе болады. Осындай өте пайдалы зат.

4. Тамақ пісіруге арналған жең. Бұл құрылғы пештің ішін таза ұстайды, ештеңе ақпайды, тағам жақсы піседі, дәмі де, нәрі де өзгермейді.

5. Блендер — ас үйге өте қажет құралдардың бірі. Сорпаға арналған пиязды бір секундта майдалайды, салатқа арналған сәбізді – үш секундта. Блендердің арқасында пюре-көже, түрлі десерттер, коктейльдер дайындау бір ғанибетке айналады. Алайда, блендер шынымен көмекшіңізге айналуы үшін сапалы болуы қажет және қуаттылығы да мықты болғаны дұрыс (350 Вт кем емес).

6. Терезе сүрткіш. Түр-пішіні швабраға ұқсас, бір жағында губка, ал екінші жағында микрофибрасы бар. Қабатты үйлерде терезенің сыртқы жағын жуу – ерлікке тең. Ал бұл құрылғымен денеңізді терезеден шығармай-ақ, қолыңызды созып жуа берсеңіз болады. Ал микрофибрадан жасалған орамалдарды үй шаңын сүртуге де пайдалануға болады. Терезе мен айналарды қалай сүртеді десеңізші!

7. Тефлонды дастархан. Қарапайым дастарханның ұзақ мерзімге қызмет етуі екіталай. Сырылады, кесіледі, кейде дақтар кетпей қалады, күйеді, жалпы тез ескіреді. Ал тефлонды дастарханмен барлық мәселелерді ұмытсаңыз болады. Оның үстіне нан турасаңыз да, ыстық таба қойсаңыз да, ештеңе болмайды. Жалпы, арзан емес зат, бірақ өте тиімді.

8. Кеңселік қысқыш. Қақпағы кесілген сүтті, ашылған кір жуғыш ұнтақты, қоқыс салынған дорбаларды, жалпы төгіліп қалу қаупі бар барлық заттарды осы қысқышпен қысып қоюға болады.

9. Киімге арналған жабысқыш ролик. Үйден шығарда қара киімнің үстімен бір жүріп өтсеңіз болды – шаш, жіп, мамық, бәрін сыпырып алады.

10. Резинасы бар жаймалар. Матрасқа кигізіп қоясыз да, шашылып жатқан жайма мәселесінен құтыласыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.