Франция халқына ұлттық өнеріміз паш етілді

0 0

Франция мен Монакода «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын концерттік тур өтті, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА  24.kz-ке сілтеме жасап тілшісі.

Қазақ халық музыкасының әуенін тыңдауға келушілердің қатары мол болды. Ұйымдастырушылар көрермендерді әндерімізбен қатар ұлттық салт-дәстүрімізбен де таныстырды.

Еуропадағы акустикасы ең үздік Корто залында Ұлы дала әуендері шырқалды. Домбыра мен қобыз ырғағымен экранда Қазақстанның көріністері ауысып тұрды. Осылайша концерт Ұлы дала еліне саяхаттағандай әсер қалдырады.

Гүлмира Байқошқарова, концерт ұйымдастырушысы:

— Біз Президентіміздің «Ұлы даланың 7 қыры» идеясын қолдап, еуропалық көрермендерге тарихымыздың байлығымен қатар әдемі салт-дәстүрімізді көрсеткіміз келді. Оны анимация мен графикада көрдіңіз. Сондай-ақ дарынды жас орындаушыларымызбен таныстырмақ болдық.

Дәстүрлі қазақ әндері жаңа тыныс алғандай. Әуендерінде Ұлы даламыздың кеңбайтақ жері мен желі естіледі, тарихымыздан талай сыр шертеді. Залда отырғандар осы оқиғаға тікелей өздері қатысқандай сезінген. Тіпті көрермендердің бірі орнында отыра алмай, сахнаға шығып, әртістерімізбен бірге билеп кетті.

Бернар Ле Корф театр директоры: 

— Модерн мен дәстүр арасындағы байланысты өте жақсы көремін. Модерн өз тамырын үнемі дәстүрлерден іздейтінін жақсы білеміз. Бүгін өнерін көрсеткен жастарыңыз өзінің динамикасымен, жақсы көңіл-күйімен көзге түсті.

Мари Жауль Де Поншевилль, актриса, режиссер:

— Осы концертке барғаныма өте ризамын. Қазақтардың ән айту мәнері көрерменнің сезіміне үлкен әсер етеді. Айналамыздағы табиғатты сезіп тұрдық. Музыкаңыз бен орындаушылардың дауыстары керемет, аспаптарыңыз да тамаша екен. Мені біреу сиқырлап тастағандай отырдым.

Париждегі концертке қазақ мәдениетін көбірек білгісі келген тұрғындар мен осы жерде тұратын қандас ағайындарымыз келген. «Әртістеріміз өнерімен алшақтағы жұртымыздың басын біріктіріп жүргеніміз маңызды», – дейді.

Мақсат Медеубек «Тұран», этнофольклорлық  ансамблінің орындаушысы:

Ең біріншіден, Қазақстанның аты, абыройы, намысы. Бірінші кезекте сол ойымызда тұрды. Еліміздің музыкасын, өнерін, патриоттық сезімін, жалпы халықтың деңгейін осы музыка арқылы осы жақтағы өзге ұлт өкілдері бар, өзіміздің қандастарымыз бар, соларға жеткізу болды.

Ұйымдастырушылар Еуропада дәстүрлі қазақ музыкасын жиірек насихаттауды көздеп отыр. Бұл гастрольдік тур қазақ халық әндері мен әуендеріміздің жергілікті көрермендердің көңілін баурап алғанын айқын көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.