Облыста мемлекеттік қызмет көрсететін 76 мекемелерде «Жасырын тұтынушы» әдісімен зерделеу жұмыстары жүргізілген

0 2

2018 жылы облыста мемлекеттік қызмет көрсететін 76 мекемелерде «Жасырын тұтынушы» әдісімен зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жандос Тойшыбеков, Жамбыл облысы бойынша полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының емтихан тіркеу жұмысы бөлімінің бөлім бастығының орынбасары Еркін Халматовтің қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен мемлекеттік органдар көрсететін қызметтің сапасын арттыруға және аталған саланың дамуына бағытталған «Жасырын тұтынушы» жобасы аясында қоғамдық бақылау жұмыстар жүргізілуде. Жобаның мақсаты — қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту болып табылады.

Зерделеу барысында мемлекеттік қызметтер көрсететін 26 мекемеде заң талаптары толық орындалмағаны анықталған. Сонымен қатар, 2018 жылы делдалдарды анықтау мақсатында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінде аталған әдіспен зерделеу жүргізілді. Іс-шара барысында аталған мекеме аумағында азаматтарға жүргізуші куәлігін ешқандай құжаттарсыз 50-60 мың теңгеге алып береміз деп ашық түрде жарнамалап жүрген делдалдардың бар екені анықталды.

Сонымен бірге, бұл мәселе 28.08.2018 ж. облыстық Қоғамдық кеңесі отырысында қаралып, аталған делдалдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағымдағы жылы осыған ұқсас 2 факті анықталды. «Жасырын тұтынушы» әдісімен түсірілген бейне материал Полиция департаментіне тиісті шаралар қолдану үшін жолданды.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде mGov қосымшасы, Телеграм бот арқылы алуды танымал ету мақсатында Департамент Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, Тараз қаласындағы ірі сауда орындарындағы тұтынушылар мен саудагерлердің ұялы телефондарына аталған қосымшаларды жүктеп беруде. Іс-шаралар барысында мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін іс-жүзінде көрсетіп, «Цифрлы агент» қосымшасы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына баға беру мәселесі үйретілуде.

Айта кететін мәселе, «Цифрлы агент» қосымшасы өткен жылдың қараша айында іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда мобильді қосымша арқылы 600-ге  жуық азаматтар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағаласа, оның ішінде 12 азамат қызмет көрсету сапасына қанағаттанбаған. Аталған шағымдар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.