Жамбыл облысы Әз Наурызды 9 күн тойлайды

0 11

Жамбыл облысында биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі 14 наурыздан 22 наурызға дейін аталып өтіледі. Бұл туралы дәл қазіргі уақытта ӨКҚ алаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың қатысуымен өтіп жатқан брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Спикерлер «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары туралы БАҚ өкілдеріне толығырақ мәлімет берді.

Мереке ертеңнен бастау алмақ. 14 наурыз – «Амал» күні. Жұрт амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, Әз Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің алдында «Амал күніне» орайластырылған қойылымдар ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылады. Одан кейін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен 1,5 сағаттық мерекелік концерт ұсынылады.

Ал 15 наурыз – «Тағызым» күні қасиетті жұма күніне орайластырылып қойылғандықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бойынша ата-баба рухына Құран бағышталады.

16 наурыз – «Алас» күні тазалыққа мән беріліп, «Бұлақ көрсең — көзін аш!» деген атпен жалпыхалықтық сенбілік өткізіледі.

17 наурыз – «Мейірім» күні көп балалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж мүгедек жандарға қайрымдылық жасалады.

18 наурыз – «Ынтымақ» күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері ұйымдастырылады.

19 наурыз – «Жаңару күні» жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге әкімдердің атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленіп, сәбилерге қажетті сыйлықтар беріледі.

20 наурыз – «Береке күні» қаланың бірнеше елдімекендерінде, аудандарда жергілікті кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдерінен төмен бағамен жәрмеңке ұйымдастыру, тақырыпқа сай халық әндерінен радиоконцерттер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

21 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен  «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі. Аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет-кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы ашылады. Осы «Жастар» аллеясында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздардың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылады. Бұл жерде ұлттық спорт ойындары, алтыбақан, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдыздары Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Әбдіғаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, кеш соңы мерекелік от шашуға ұласады.

Айтулы мерекенің соңғы күні 22 наурыз –  «Жаңа күн», яғни облыс және аудан тұрғындары жалпыхалықтық серуенге шығады. Тұрғындар өз жақындарын, туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен, «Жаңа жылдың» алғашқы «Жаңа» күнімен құттықтайды, деді Берік Уәли.

Leave A Reply

Your email address will not be published.