2020 жылы облыс мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі 100% енгізіледі

0 2

Жамбыл облысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық іс тәжірибесі 2019 жылы мектептердің 50%-на, 2020 жылы 100%-на  енгізіледі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жәмилә Елеуқызы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін облыс мектептеріне енгізу туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бүгінде облыстың барлық мектептерінде 1,2,3,5,6,7,8 сыныптары НЗМ бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында облыста 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде жұмыс атқаруда.

Тағы бір жаңалық. 2019 жылы НЗМ бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 6179 педагог біліктілігін арттыру курстарынан  өтеді. НЗМ тәжірибесін тарату аясында үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін Жамбыл облысында жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің Кестесі және Картасы әзірленді.

2018-2019 оқу жылында 277  мектепте  физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады (768 сыныпта 19200 оқушы қамтылды). Оларға барлығы 755 мұғалім сабақ береді.  Бұл мұғалімдерге пәндерді ағылшын тілінде жүргізгені үшін 35 мың теңге қосымша қаржы төленуде.

Айта кетейік, облыс педагогтарына білім мекемелеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізуде әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы,  педагогикалық шеберлік орталығы, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен біріккен жоспар жасалды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс тәжірибесін тарату мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасы мен облыс әкімі Меморандумға қол қойды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесін орта білім мекемелеріне енгізу бойынша желілік кестесі әзірленді. Әр аптада 2018-2019 оқу жылында 1 мектепте озық іс тәжірибені тарату бойынша тәжірибе алмасу шаралары өткізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.