Тіс пастасын қайда қолдануға болады?

0 10

Тістің боры (тіс пастасы) тісімізді тазалап, оның әппақ болып тұруымен қатар тіс жегісі, қызылиек, тістегі түрлі микроптарды жоятынын баршамыз жақсы білеміз, алайда осы тіс пастасының күнделікті тұрмыста қолдануға, түрлі жағдайларда пайдалануға болатынын білеміз бе? Ендеше біз сіздерге тістің борының күнделікті тұрмыста тұтынудағы пайдасы туралы айтпақпыз.

1. Кішкентай сәбилер қолына түскен қарындаш, қалам, бояуларды алады да бойы жеткен жерге дейін қабырғаны шимайлап тастайды. Мұндайда сізге паста көмекке келеді. Ол үшін паста жағылған сүрткішпен қабырғадағы «шедеврларды» сүртсеңіз болғаны.

2. Ең жақсы көретін аяқ киіміңіздің әппақ табаны біраздан кейін кірлеп, қарайып кетсе қамықпаңыз. Қолыңызға тіс пастасы мен сүрткіш алып, әдемілеп сүртіп шықсаңыз болғаны. Аяқ киімнің қалағаныңыздай ағарып шығады.

3. Абайсызда құлап қалып, тізеңізді, шынтағыңызды т.б. денеңізде болымсыз көгергендер пайда болса немесе жарақат алып қалсаңыз тіс пастасымен ісіп кетудің алдын алуыңызға болады. Ол үшін жарақатыңызға пастаны жағып қойсаңыз болғаны.

4. Машинаңыздың былғары салонын көлігіңізге отырған адамдардың аяқ киімдері сызып, қарайтып кететіні болады. Ол көбінде жусаңыз кетпей, қарала-салтақ болып тұрады. Мұнан құтылудың бір ғана жолы жаңағы аяқ киіміңнің жұғындысына тіс пастасын жағып шамалы қоясыз да, артынша дымқыл шүберекпен сүртіп тастайсыз. Көлігіңіздің орындығы тап-таза болады.

5. Жауын-шашынды, лайсаң уақытта көлігіңіздің параларын қойып барлық денесі ластанып жүреді. Кейде ұзақ уақыт жуылмағандықтан паралардың әйнегі сарғайып кететін кездер де болады. Осындайда тіс пастасымен жақсылап сүртіп қойсаңыз параның әйнегі жарқырап, жарық өткізгіштігі ерекшелене түседі.

6. Кейде бетіңізге түрлі бөрткендер шығатын кез болады. Ондайда ұйықтар алдында тіс пастасын бөріткеннің аузына жағып жатсаңыз, таңертең тұрған кезде басылып қалады. (Сезімтал терілерге қолдануға болмайды).

7. Әсіресе қыздар қауымы шаш бояуға құмар. Кейде абайсыз шаш бояуы басқа денеңізге жұғып кететін кездер болады. Тіпті маңдайдың, желкенің терісіне жұғатын шаш бояуын кетіре алмай қиналасыз. Осындайда тіс пастасымен сүртсеңіз жұғын да қалмайды.

8. Бассейнге, суға шомылғанда киетін көзілдіріктің әйнегі сарғайып кеткен жағдайда тіс пастасымен жусаңыз бірден жарқырап шығады. Сонымен қатар ұзақ уақыт тұрып қалған, сарғайып кеткен айналарды да осылай тазалауға болады.

9. Киім үтіктеу кезінде үтіктің табаны қарайып кетеді. Бұл үтіктің температурасын дұрыс пайдаланбаудан болады. Осыны кетіру үшін үтік салқын болып тұрған кезде оның табанына тіс пастасын жағып, оны дымқыл шүберекпен сүртіп алсаңыз жеткілікті.

10. Музыканы жақсы көресіз бе? Әсіресе сыңғырлаған күйсендықтың даусына елтіп, үйіңізге әдемі күйсандық сатып алдыңыз. Жылдар өте оның пернетақталары сарғая бастады. Сіз немен жусаңыз да пернетақталар баяғыша ақшанқан болып жылтырамайды. Қамықпаңыз, тіс пастасымен әдемілеп сүртіп шықсаңыз баяғысынша жылтырайтын болады.

11. Бұл әдісті көбіңіз білесіздер деп ойлаймын. Түрлі алтын, күміс әшекейлердің, ыдыстардың сарғайғанын, қарайғанын кетіру үшін тіс пастасымен жақсылап ысқылап жусаңыз болғаны.

12. Қазіргі кезде ұялы телефон пайдаланбайтын адам жоқ. Барлығымызда осы бір «жұдырықтай жұт» бар. Көбіміз оны түрлі жағдайда пайдаланамыз. Тіпті қолымыздан тастамай ұстап жүреміз, тиындармен бірге қалтамызға да сала саламыз. Осыдан болып оның беті сызылып, шұбарлап кетеді. Оны 2-3 мың теңгеге ауыстыратын уақыт та, ақша да бола бермейді. Осындайда тіс пастасымен жақсылап сүртіп қойсаңыз қалпына келеді.

13. Көбіміз жұмыс істеп отырып тамақтанамыз. Столымызға кейде су толы стаканды қоя саламыз. Артынша столдың үсті кесе түбінің дөңгелек ізіне толады. Осыдан құтылу үшін тіс пастасымен сүртсеңіз болғаны.

14. Әппақ көйлегіңізге қаламның сиясы немесе ерін бояуының дағы жұғып қалса тіс пастасы араласқан сумен жуып көріңіз.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.