Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады

0 95

Ұлыстың ұлы күні құрметті қонақтарға халқымыздың кәделі, әрі ең басты тағамдары пісіріледі. Наурыз мейрамында дастарқанда тағам мол болса, сол жылы ақ мол болады деген ырым бар. Сондықтан ақ жаулықты аналарымыз дастарқанда тағамның көп болуына баса мән берген.

Ақ тағамдар

Ақ тағамдарға қымыз, шұбат, сиыр, қой-ешкі сүтінен жасалған айран, құрт, ірімшік, сүзбе, қаймақ, малта, ежігей, ақлақ, уыз, уызқағанақ, қатық, сүзбе, тосап, сүт көже, көбік, көпіршік, ақірім, сарымай сияқты әр алуан тағамның түрлері жатады.

Сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні дастарқанға ұннан жасалған нан, қиықша, шелпек, таба нан, төп, бөртпе, қазанжаппа, жарма, күлше, төңкерме, нан салма тағамдары қойылады. Сондай-ақ әйелдер қазақша ет және еттің сорпасынан наурыз көже жасайды.

Еттен жасалатын ұлттық тағамдар

Қазақша ет. Халқымыздың құрметті қонақтарға ұсынатын кәделі, әрі ең басты тағамдарының бірі – ет. Қазақтар сыйлы қонақтарға мал басын көрсетіп, табақ-табақ ет тартқан. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен жасына, іліктік жолына (нағашы, жиен, құдағи, қыз, бала, т.б.) сәйкес келуі керек. Осыған орай табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. 

Қуырдақ. Қуырдақ – соғыммен бірге жасалынатын кәделі әрі дәстүрлі тағам. Соғым сойылған үйде қуырдақ пісірілмеуі мүмкін емес. Ол тез піседі. Қуырдақты сұрп ет пен өкпе бауырды, бүйректі майлы ішек-қарынға араластырып, қуырып пісіреді. Жас етті кейде апаларымыз қаймаққа да қуырады. Мұны «бал қуырдақ» дейді.

Сірне. Жас төлдің етінен пісірілетін дәмді тағам. Қозы мүшесін жіліктеп қазанға салып, үстіне бие сүтін немесе жаңа тартылған сұйық қаймақ құйып, тұз салады да, буын сыртқа шығармай, бұқтырып жайымен қайнатады. Сонда сүт те, қаймақ та етке сіңіп, оның сүйегіне дейін жұмсарып пісіп шығады.

Ақсорпа. Ерте замандардан бері қазақ семіз жылқы, сиыр сойған кезде, соғым сүйектерін далаға тастамай, жинап қоятын болған. Ет таусылған жағдайда, сол сүйектерді қазанға салып, су құйып қайнатқан. Майлы сүйектер қайнаған кезде, одан кәдімгі майлы сорпа шығады. Түсі ақшыл болғандықтан, оны «ақ сорпа» деп атайды.

Салма. «Нансалма» немесе «кеспе» деп аталатын бұл ұлттық тағам нан кеспесінен және еттен пісіріледі. Қамырды жайып, ұзынша етіп кесіп алып, суға салып пісіреді де, үстіне туралған ет қосады. Сорпасы көп бұл ас жеңіл тағам болады. Салманы көбіне сиыр, қой етінен пісіреді. Жылқы етін пайдаланбайды.

Борша. Қымыз ішкенде таптырмайтын, жұмсақ әрі дәмді тағам. Ірі қара мал етін жұқалап әрі ұзыншалап, боршалап кесіп алады да, тұз, бұрыш сеуіп, темір істікке шаншып, шоққа тақтап пісіреді. Қақтау кезінде кезек-кезек аударып отырады, түсі қызылқоңырланып, исі бұрқырап шықса, дайын болды деген сөз.

Қарын бөртпе. Бұл тағам кейбір өңірлерде «бұжы» деп те аталады. Жаңа сойылған, ұсақ малдың етін, майын, бауырын, жүрегін, өкпесін ұсақтап турап араластырып, пияз, ұн, қосады да, оны қарынға немесе бүйенге тығып, аузын жақсылап түйреп қазанға қайнатады. 

Мипалау. Аты айтып тұрғандай мидан дайындалатын тағам. Бастың миын алып, оған бауыр, құйрық майы, бастың құйқасын әбден араластырады. Қымыз, айран немесе сүзбе қосып, майлы сорпа құйса, мипалаудың дәмі тіптен дәмді болады.

Шыж-мыж. Қазақтың «мың сіз-бізден бір шыж-мыж артық» деген сөзін естіген боларсыздар. Әдетте жылқы сойылып жатқанда, қасапшылар қуырдақ дайын болғанша, ауызға салып жіберетін жеңіл тағам дайындайды. Шыж-мыж соғымның бүйрегі мен шарбы майын отқа қақтап шала пісіру арқылы дайындалады.

Қойды үйтіп сою. Семіз әрі жас қой бауыздалған соң, терісімен үйтіледі. Қойдың түсі ақ немесе боз болғаны жақсы, қара қойдың еті үйтілгенімен қарақоңыр болып көрінеді. Толық үйтіліп, қырылып, тазалап жуылған соң, терісімен бірге жіктеліп, мүшеленеді. Майы шығып үйтілген құйқалы ет, әдеттегідей сойылған қой етінен әлдеқайда дәмді болады.

Наурыз көже. 22 наурыз мерекесі кезінде дайындалатын тағам. Оны әр үй жеті дәмнен жасап, оған қазы шұжық қосылады, әрі мерекемен құттықтауға келген қонақтарға зор ықыласпен ұсынылады. Наурыз көженің дәстүрлі, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол баршаны мейірімділікке, ізгілікке, бірлікке, татулыққа шақырады.

Сүттен жасалатын ұлттық тағамдар

Сүтті пісіріп, бетіндегі қаймағын алып жеп, оны ішеді. Одан әртүрлі тағамдар әзірленеді. Сүтті тартып, одан шикі қаймақ алады. Ешкінің сүті шипалы болғандықтан оны емдік мақсатта пайдаланады.

Қымыз – биенің сауылған сүті – саумалды ашытып, күбіде пісіп, дайындайды. Өте шипалы, адам жанына күш-қуат беретін сусын.

Шұбат – түйенің сүтінен ашытылып, тері, ағаш, қыш ыдыстарға құйып сақтап піседі, екі-үш күннен соң ішсе өте дәмді. Ол да өте шипалы. 

Қаймақ – сүттен алынады. Оның түрлері: піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ. Бұл жердегі бал қаймақ – бал қосып қоюлатылған түрі.

Құрт – қой, сиыр сүтінен әзірленеді. Ашыған сүттен іркіт жинап, қазанға құйып қайнатып, суыған соң қапшыққа салып суын сорғытады, кейін әртүрлі кепте жасап кептіреді.

Құрткөже – суға ұн қосып араластырып, басқа ыдыста қайнаған суға тұз, күріш салып, екі сұйықты араластырып қайнатады, оған езілген құртты құяды. Ыстық ыдысқа (кесеге, тостағанға) құйып, үстіне сары май салып ішеді.

Ежігей – құрт сияқты әзірленгенімен ашымаған іркіттен жасайды. Дәмді, өзі жұмсақ. Оны балалар да, үлкен кісілер де өте сүйсіне жейді. Ірімшік – сүтті ірітіп жасалатын дәмді тағам. Ол – дастарқанның сәні. Құрт, ірімшік жеп, қымыз, айран, сүт ішкен баланың денсаулығы мықты болады.

Жент – диірменге тартылған немесе келіге түйілген тарының сөгіне жылқының майын немесе сары майды қосып, қант, бал, мейіз, ірімшік қосып жасайды.

Сарысу – ірімшіктің сары суына қант қосып қайнатады. Өте дәмді тағам.

Ақлақ – қой сүтінен жасалады. Қайнаған қой сүтін ірітіп, сарысуын жібермей сүзіп алып, майға езіп дайындайды. Үлкен де, кіші де сүйсіне жейді.

Уыз – мал төлдегеннен кейін 2-3 күн өтісімен сүтін сауып алып, ішекке салып пісіреді. Уызды жеке кәстрөлге құйып, қазанда қайнап жатқан судың ішіне пісіріп, мұздатып алып дастарқанға қояды. Қазақтар соғым етіне қосып та қонағының алдына қояды.

Уызқағанақ – қойдың уыз сүтін бүйенге құйып, аузын буып, бақыраштағы суға салып пісіреді. Ол – қойлы ауылдың сүйікті асы. 

Қорықтық – жазда ыстық тастың шұңқырына қойды сауып жасайды немесе ыстық малта тастарды бақыраштағы сүтке салып, оны пісіреді. Ол – далада қойшылар жасайтын тағам.

Қатық – ұйытылған сүттен жасалады. Дәмі тіл үйіреді.

Айран – сиыр сүтінен ашытып, жасалатын сусын. Оны жылдың төрт мезгілінде жасап ішуге болады. Денсаулыққа өте пайдалы.

Сүзбе – ұйытылған айраннан сүзеді, тұз салады. Жұмсақ құрт, ежігей сияқты жеуге де болады.

Май – сүттен алынған қаймақты шайқап май алады, дәмі татымды болуы үшін тұз салады. Мамыр айындағы сүттен алынған май өте құнарлы да қадірлі. Қазақтар майды қойдың тазартылып, кептірілген қарнына салып сақтаған. Қарында сақталған майдың дәмі өте айрықша.

Торта – сары майды қайнатқанда түбінде қалатын қою тұнба. Ол қышқылтым да дәмді.

Көбік – құрт қайнатқанда бетіне шығатын дәмді қышқыл.

Көпіршік – сиыр сүтіне қымыз қосып қайнатқанда бетіне шығады.

Ақірім – сүр еттің сорпасына айран, қатық, қымыздың бірін қосып араластырып жасайды, сусын ретінде ішеді.

Малта – езілген құрттың ұсақталған түрі. Жұп-жұмсақ болады.

Балқаймақ – жаңа тартылған қаймақты шағын ыдысқа салып, баяу қайнатады. Осылайша балқаймақ дайындалады. Оны жеген қонақтар үй иесінің әйелін мақтап, ырза болып кетеді. 

Тосап – қой сүтінен дайындалады, дәрулік, емдік қасиеті бар.

Сүт көже – сүтке сөк немесе күріш қосып қайнатып жасайды.

Ашыған көже – құрамында су, ұн, тұз, сүт бар сусын. Жылдың төрт мезгілінде де жасап ішуге болады. Әсіресе, күн ыстықта шөлдеп үйге келгенде, салқын ашыған көже ішсең, шөлің басылып, рахаттанып қаласың.

Сүмасүт – оны «сүттік» деп те атайды. Сағыз орнына жүретін бірегей нәрлі тағам. Ертеде жасалған.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.