Көп балалы отбасыларға қосымша кепілзат іздеудің қажеті жоқ – Л.Ибрагимова

0 5

Көп балалы отбасылар жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында қолжетімді баспана ала алады. ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова жекеменшік тұрғын үй сатып алудың белгілері мен шарттары туралы айтып берді, —  деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Л.Ибрагимованың айтуынша, көп балалы отбасыларды мұқият талдау отбасылардың табыстары ең төменгі және жоғары жалақы аралығында түрленетінін көрсетті. Жалпы Елбасы тапсырмасы бойынша жыл сайын 100 млрд теңге бөлінді. Бірінші санат — атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, олар мемлекеттің ресурстарына өмір сүреді, кірістері өте төмен. Оларға сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй беріледі.

«Биыл көп балалы отбасылардың тұрғын үй салынып біткенше күтпеуі үшін, үдерісті жеделдетуге 50 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 25 млрд теңге құрылысқа, 25 млрд теңге дайын баспананы сатып алуға және жекелей 50 млрд теңге тұрғын үй жинақ банкіне бөлінеді», — деді Л.Ибрагимова.

Басқарма төрайымының айтуынша, ТҚЖБ міндеті — отбасының бір мүшесіне табысы 20000-42500 теңге құрайтын, төлем қабілеті бар азаматтарды қамтамасыз ету.

«Мәселен, 4 баласы бар және ата-аналарының табысы шамамен 260 мың теңгені құрайтын отбасыны алып қарайық. Олар біздің бағдарламаға сай келеді. Олардың мөлшерлемесі жылына 2%, бастапқы жарнасы 10% болады, сонымен қатар әкімдіктер бастапқы жарнаға қаражаттары жоқ отбасыларға көмек көрсете алады, яғни тұрғын үй сертификатын беру мүмкіндігі қарастырылған. Аталған бағдарламаны математикалық әрі экономикалық тұрғыдан модельдеген кезде азаматтардың қазір жалдап тұратын үйлеріне төлеп жүрген сомаларына сәйкестендіруге тырыстық. Өйткені бүгінде көп балалы отбасылар қалалардың шеткері аймақтарында, уақытша тұрақ-жайларда пәтерлерді жалдап тұрады. Сол себепті де 8 млн теңге сомасында төлем бастапқы 8 жылда 42 мың тг құрайтын болады, бұл шағын жатақханаға төлейтін сомамен бірдей деуге болады. Ал одан кейінгі 10 жылда 27 мың теңгені құрайды», — деп түсіндірді Л.Ибрагимова.

Бұған қоса, бағдарлама арқылы жаңа үйді де, қайталама тұрғын үйді де алуға болады.

«Мақсат – баспанамен қамтамасыз ету, бұл әрбір отбасының төлем қабілетіне байланысты болмақ. Бізде пәтер көлемі, ауданы бойынша шектеу жоқ, шектеу тек азаматтардың кірістеріне қатысты болады. Сіздің табысыңыз жоғары болса, онда сіз аталған бағдарламаға қатыса алмайсыз. Шектеу – отбасының бір мүшесіне 42,5 мың теңге және екіншісі – жекеменшік баспананың болмауы. Аталған бағдарламаға қатысатындардың бәрі – қазіргі таңда баспана жалдап тұратын, өз басында үйі жоқ адамдар», — деп түсіндірді төрайым.

Сонымен қатар, Банк төрайымы жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғын үйді беру кезіндегі кепілзат сатып алынып жатқан пәтер болатынын атап өтті. «Көп балалы отбасыларға қосымша кепілзат іздеудің қажеті жоқ», — деп нақтылады Л. Ибрагимова.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.