Жамбылда ерекше ескерткіш ашылды

0 3

Бүгін Әз-Наурыз мерекесіне орай, Таразда «Кітап» стеласы ашылды. Ол жаңадан пайдалануға берілген «Жастар» аллеясында орын тепкен, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ашылған кітап кейпіндегі ескерткіштің қос парақ-беттеріне  Әл-Фарабидің «Шын білім – ақиқат, анық білім»,  Ж.Баласағұнның «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», М. Қашғаридың «Бақыттың белгісі – білім», А.Яссауидің «Кітап аш та, мәнін ұқ», Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба», Ы.Алтынсариннің «Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған», Лев Толстойдың «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей», Ш.Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап», М. Әуезовтың «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы», А.Байтұрсынұлының «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек», Ж.Аймауытовтың «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, Үйренерсің, іздеп көрсең-қалмасаң» деген  орамды ойлары  мен тағылымды сөздері қашалып жазылған.

Бұл ескерткіш – қала тұрғындары мен қонақтарын, жас  ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында бой көтерген.

Айта кетейік, алаңшаның негізгі нысандарының бірі саналатын стела бағалы тровертин-табиғи тасымен қапталған. Биіктігі – 7,5, ұзындығы – 11,8 метрді құрайды. Стеллада алып «Кітап» ескерткіші орналасқан. Қызыл граниттен құралған ескерткіштің салмағы – 3,5 тонна, биіктігі — 2,2 метр, ұзындығы – 3 метр. Стелладағы шағын тақтайшаға: «Кітап – білім бұлағы» деген аталы сөз айшықталып жазылған. Сонымен бірге, қос шетіне  шағын кітаптар тізбегі қойылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.