Жамбылдық зиялы қауым өкілдері Нұр-Сұлтан атауына қолдау білдірді

0 3

Таразда елорда атауының өзгеруіне байланысты партия облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдаған кеңес отырысына өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер майталмандары қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Кеңес отырысын партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, мұның тарихи оқиға екендігіне тоқталды. Зиялы қауым елорданы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуді қолдаудың маңыздылығын айтып, тұщымды пікірлер ортаға салынды. Тәуелсіздігімізді алып, егеменді ел болуымызда Елбасының еткен ерен еңбегіне ешкімнің де күмәні жоқ екендігі айтылды.

Ақын, жазушы Қайырбек Асанов:

— Сонау 90-шы жылдары Алатаудың баурайы Алматыдан аязы азынаған Ақмолаға көшуді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мүддесі үшін жасаған жоқ. Сарыарқаның төріне жаңа астананың қазығын қаққан Елбасының сол кездегі көреген саясаты елді алға қарай жетеледі, — деді Ол.

ҚР Президентінің Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қоюы Елбасы салған бағыттың жалғасатындығын білдіретіндігін, дер кезінде жасалған шешім болғанын зиялы қауым өкілдері тілге тиек етті.

— Халық арасында «Қаланың атын өзгерту қыруар қаржыны қажет етеді», «Барлық құжаттарды ауыстыру керек» деген сияқты алып қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Мен сіздерге осыған байланысты Әділет министрлігінің ақпаратын жеткізгім келіп отыр. Елорда атауының өзгеруі азаматтарға сатып алу-сату, сыйға тарту, ауыстыру, пайдалануға қабылдау сынды жылжымайтын мүліктің құқын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар туу туралы, өлгені туралы, неке қию/бұзу туралы азаматтық хал-ақуал актілерін тіркеу құжаттарын ауыстыру міндетін жүктемейді. Аталған құжаттарда елорданың бұрынғы атауының жазылуы оларды жарамсыз қылмайды, — деді ҚР Халық әртісі, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Мәкен Рақымжанқызы.

Өңірлеріміздің бүгінде өркендеп келе жатқаны Елбасының арқасы екенін жасырмады. Елорданың Тұңғыш Президентіміздің атымен аталуы орынды деген Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева:

— «Біткен іске сыншы көп» дей келе, қаншама дана тұлғалардың қазақ тарихында болғандығына, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының орны ерек екенін баса айтты. Қазақ жақсылыққа жақсылық жасай білетін, ізгілікке алғысын айта білетін халық емес пе? Бейбіт заманда, көзінің тірісінде неге құрметтеп, төбемізге көтермеске деген ойын түйді.

— Еңсеміз түсіп, есімізді жинай алмай тұрғанда Президент елордаға жаңа есім беріп, есемізді қайтарды, — деді драматург Әлібек Әмзеұлы.

Сондай-ақ, «Мирас» аймақтық кеңесінде жасалған ұсыныстың барлығы қайта қарап, сараланып, оның орындалуы бойынша жұмыс жүргізілетін болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.