Жамбыл облысында 23 762 адам пәтер алу үшін кезекте тұр

0 0

Бүгінде облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 23 762 адам тұр. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс  әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 12,7 млрд. теңге бөлінген. Осы қаржылар есебінен 32 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылуда. Былтыр 1 673 пәтер пайдалануға беріліп, 4 654 жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Жалпы, жыл қорытындысымен 482,3 мың шм тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 21 пайызға артық.

Ал, 2019 жылға Бағдарлама аясында 23,5 млрд. теңге қаралған. Осы қаржы есебінен 28 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. 2019 жылы 27 үй тапсырылуы тиіс, 1 арендалық үй 2020 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 1 970 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде, кредиттік 21 үйден 1 460 пәтер (109 683 шм), арендалық 6 үйден 510 пәтер (36 192 шм).

Елбасы ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған отбасыларына арналған арендалық тұрғын үй құрылысына 50,0 млрд. теңге бөлу мәселесін тапсырған болатын. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 710 пәтерлі 11 арендалық үйдің құрылысына республикалық бюджетті нақтылауда қаржы бөлу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, өтінім тапсырылды. Алдын ала есептерге сәйкес, осы жобаларға ағымдағы жылы қосымша 3,1 млрд. теңге бөлінгелі отыр.

Облыс бойынша арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 23 762 адамның ішінде халықтың әлеуметтiк осал тобына жататын азаматтардың саны — 13 436. Облыс әкімінің бастамасымен, осы отбасыларды тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы осындай 6 жатақхананада 400-ге жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр. Олардың 3-еуі Тараз қаласынан, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында 1 жатақханадан. Келесі жылы Тараз қаласында 4 жатақхананың құрылысын жүргізу жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.