Таразда қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз конференциясы өтті

0 1

Таразда қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз конференциясы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Баспасөз мәслихатында Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар, Діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл өз сөзінде: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орта Азияның шариғат және пәтуә бөлімінің мамандары бас қосысып, ай, жыл санауы бойынша биылғы ораза 30 күнге толықтырды. 6 мамыр бірінші ауыз бекіту күні. Қадір түні мамыр айының 31-нен маусым айының 1-не қараған түні деп белгіленді», — деп атап өтті.

Өкіл имам қасиетті айдың құрметіне рухани кештер ұйымдастырылып, қарилар хатым құран түсіріп, ауызашар дастархандары жайылатынын жеткізді. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтетінін, Ораза айт мерекесінде қоғамдық көлікте тегін жүру науқандары жүргізіліп, қайырымдылық іс-шаралары жасалатынынан хабардар етті. Сонымен қатар, пітір- сақасының құны туралы айтып, мешітке келе алмайтын адамдар үшін Рамазан айында екі тілде қауырт желінің жұмыс жасайтынын тілге тиек етті. Ол үшін Жамбыл облысының тұрғындары asyldin.kz сайтында және мешіт баннерлерінде көрсетілген нөмірлерге хабарласа алады.

Ал қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахмет Рамазанға қатысты тілшілер қойған сұрақтарға жауап беріп, қосымша мәліметтер беріп өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.