«Шаxристан» шаһар шырайын арттыра түспек

0 1

Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылыс жұмыстарына қатысты мәселелер қаралды, — деп xабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов өңір басшысына атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін баяндады.

Айта кетейік, 200 гектардан астам аумақты алып жатқан Шахристан кешені аумағында алдағы уақытта көркем сурет галереясы, өлкетану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысан бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырынан басталмақ. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл бағыттағы жұмыстарды өз бақылауында ұстап отыр. Өңір басшысы мұндағы жұмыстарды асқан мұқияттылықпен қарап, онда келетін тұрғындар мен қонақтар үшін барлық жайлы жағдай жасалу керектігін баса айтты. Оның ішінде, сол аумақтағы көлік қозғалысы, ғимараттардың эскиздік үлгісі, көшелердің тұйықталар тұстарын реттеу және тағы басқа мәселелер назардан түспек емес. Ең басты шарт, ондағы бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандар тарихи шаһардың келбетін айшықтап тұруы тиіс. Бұл орайда салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылмақ. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет біздің өңірде қолға алынып отыр.

Ағымдағы жылы облыстың 80 жылдығы аталып өтілетінін назарға алған Асқар Исабекұлы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқарылуына жіті мән бере отырып, оларды осы жылдың қарашасына дейін аяқтауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.