Алдап тұрғанын аңғарудың алты тәсілі

0 1

«Алдау – зұлымдық, алдану – аңғырттық» деген сөз бар. Аңғармай талай рет алданып қалған сәттеріміз де бар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бір алданғаннан кейін екінші рет құрыққа ілінбеуге тырысасың.

Біреуді шындап алдағаннан береке таппайсың. Әзілдеген күннің өзінде көп уақыт өтпей мойындағаның жөн. Егер жұртты әзіл-шыны аралас алдай беретін болсаң, түбі суайт деген атқа ие боласың. Бір күні шын сөзіңнің өзіне жұрт сенбейтін болады. Айтпағымыз алдау жайлы емес, алданып қалмау жайлы болатын.

Біреудің алдап тұрғанын қалай аңғаруға болады? Психологтар қандай кеңес айтып келеді? Өзіңіз қалай аңғарасыз? Осы жайында айтсақ. Алдауды кәсіби түрде меңгергендерді алаяқ деуге болады. Себебі алдаудың да сан түрі бар. Талай жандар алданып тақырға отырған. Сондықтан да сақтықта қорлық жоқ. Адам алдап тұрғанын түрлі іс-әрекеті, қимылы мен сөйлеген сөзінен аңғаруға болады. Ол үшін неге назар аудару керек?

1. Күйгелек болып тұрады

Алдап тұрған адам күйгелек күй кешеді. Бірдеңе уайымдап тұрғандай болады. Бұрыннан таныс болсаңыз, мұндай көңіл-күйін оңай аңғарасыз. Күйгелектеп тұрып, бір сөзі бір сөзіне жанаспай қалуы да мүмкін.

2. Көзін жиі жыпылықтатады

Адамның көзі алдамайды. Егер алдап тұрса, көзін жиі жыпылықтатуы мүмкін. Тіпті жүзіңізге қарамай сөйлеуінен де секем алыңыз. Ал енді біреулер тура көзіңізге қарап сөйлесуі мүмкін. Бұл кезде ішкі түйсік пен өзге іс-қимылына мән беріңіз.

3. Даусында діріл болады

Алдап тұрған адамның даусы да өзгереді. Психологтар оларды даусындағы дірілден байқауға болады дейді. Сондай-ақ алдаған кезде жуан дауысты адамдардың дауысы жіңішкеріп, керісінше жіңішке дауысты адамдардың дауысы жуандайды екен.

4. Қимылын бақылаңыз

Адамның қимылы да көп нәрседен хабар береді. Сіз оған басты толғандыратын сұрақты қойғанда, ол алға ұмтылып, түсіндіріп бақса, онда ол алдап тұрмағаны. Ал кері шегінсе, алдап тұрғаны. Бұл да зерттеушілердің бір қорытындысы ғана. Дегенмен қимылына қарап алдап тұрғанын анықтаудың жолы көп-ақ.

5. Сөздері шашыраңқы болады

Кей алдайтын адамдар алдын ала дайындалады. Қалай сөйлесу мен тосыннан болатын сұрақтарға жауап тауып келеді. Дегенмен жүздесіп сөйлескенде айтқан сөздеріне мән беріңіз. Әрбір фактіні ойда сақтап, жиі сұрақтар қойыңыз. Сіздің бір сұрағыңыз-ақ оның кім екенін анықтауыңызға жеткілікті болуы мүмкін. Себебі алдап тұрғанда ол сөзінен, айтар ойынан жиі жаңылысады.

6. Тынысы тарылады

Адамның күйзеліс кезінде тынысы тарылады. Алдағанда да адам күйзеліп тұрады. Сондықтан да терең тыныс ала алмайды. Нәтижесінде ауа жетпей жатқандай күй кешеді. Расымен де тынысы тарыла бастайды. Соның әсерінен сөзінің соңын «жұтып қойып» сөйлейді. Психологтар алданып қалмау үшін түрлі кеңестер айтады. Соның бірі — алдымен басқа тақырыпта әңгіме-дүкен құру. Ол үшін негізгі шаруаға көшпей тұрып, өзге сала, не өзге қызмет жайлы сөзге тарту керек. Одан кейін барып, негізгі кездесу тақырыбына көшсеңіз болады.

Соңында барып бастапқы және кейінгі іс-әрекетін, қимылын, ым-ишарасы мен сөзін салыстырып қорытынды шығарасыз.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.