Тараздағы түзету мекемесінде ерекше байқау ұйымдастырылды

0 2

Бүгін Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде «Үздік психологиялық қабырға газеті» атты байқау ұйымдастырылды. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Іс-шараның мақсаты  – жаза басып жаңылып, тар қапасқа арбалғандарға үміт отын сыйлау. Кірбің түскен көңілдерді азда болса көтеріп, баз кешкендерді мекеменің қоғамдық жұмыстарына тарту. Психологиялық білімін молайтып, мәдениетін арттыру да басты назарда болды.

Оған сотталғандардың сегіз бірдей отряды қатысса, әр жасақтан үш қылқалам шебері намысқа тырысып, бақ сынасты. Қызықты әрі тартысқа толы болған сайыс алты кезеңнен тұрды. Мәселен, «Күлкі терапиясы», «Үйге апарар жол», «Пайдалы кеңес», «Психологиялық әзіл-қалжың», «Эмоция әткеншегі», «Арт-терапия» сондай-ақ, қатысушылардың өзге де ұшқыр қиялынан туындаған тырнақ алды дүниелері есепке алынды.

Сонымен қатар, әрбір қабырға газетінің атауы және топтың ұраны болды. Қазылар алқасын түзету мекемесінің басшылық құрамы құрады. Барын салып баққандардың жұмыс үрдісін жіті бақылап, психологиялық ақпар, эстетикалық тұрғыда безендірілуі және түстік үйлесімі бойынша бағаланды. Жазасын өтеушілердің ынта-жігері, асқан қызығушылық, бар өнерін төгуін сараптап, әділ шешімді кесіп айту оңайға соқпады.

Ал әділ шешім бойынша I орынды 3 отряд қанжығасына байлап, «Ең үздік қабырға газетінің» авторы атанды. II орынды 1 жасақ місе тұтса, 4 және 7 отряд III орынды бөліске салды. Жеңімпаздарға тұрмысқа қажетті естелік сый-сияпат көрсетіліп, грамотамен марапатталды.

Айта кетейік, үздіктер келер маусым айына жоспарланған аймақтық додада мекеме намысын қорғайтын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.