Асқар Мырзахметов көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлын қабылдады

0 4

Бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметов көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлын қабылдады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, қабылдауға құрметті қонақтар, еліміздің қабырғалы қаламгерлері Мереке Құлкенов, Несіпбек Дәутаев, Серік Ақсұнқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Берік Жүсіпов тағы басқалар қатысты.

Асқар Исабекұлы өз сөзінде алдымен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, қаламгердің мерейтойына арнайы келген аға буын зиялы қауым өкілдерінің қадамына құт тіледі.
Өз кезегінде жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мереке Құлкенов қаламгерді қабылдап, ілтипат танытып отырған облыс әкіміне алғысын айтып, ықыласын жеткізді.

Сонымен қатар, Жамбыл жерінің, Тараз өңірінің топырағының қасиеті жайлы тілге тиек етіп, облыста қолға алынып, атқарылып жатқан оң бастамалардың баянды болуын тіледі. Тараз қаласының тотыдай түрленгенін, жаңғырған Жеңіс,Қ.Рысқұлбеков саябақтарының ажары мен мазмұны да арта түскенін, жыр алыбы – Жамбылдың еңселі ескерткіші де сәтті орынға жайғасқанын айрықша атап өтті.

Өзге де сөз алған ақын-жазушылар өңірдегі оң өзгерістерді, жемісті жұмыстарды көзбен көріп, марқайып қалғандарын жеткізді. Сондай-ақ, олар елеулі елу жасқа толып отырған Маралтай Райымбекұлының қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар тұлға екендігіне тоқталып, мәртебесін асырды.

Өңір басшысы облыстың руханияты мен мәдениетін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы шараларды баяндап, қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.